Талантымен таңғалдырған Құралай

971

0

Ұлттық телеарнаның күзгі жаңа маусымнан бастап «Qazaqstan дауысы» музыкалық жобасы эфирге шықты. Оған Сыр өңірінен Сырдария ауданы Амангелді ауылынан барып қатысқан 18 жастағы Құралай Мейрамбек Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған белгілі композитор Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, 4 тәлімгерді өзіне қаратты. Айта кетейік, осыдан 21 жыл бұрын алғаш рет бұл әнді жерлесіміз, талантты әнші Гүлнұр Оразымбетова орындап, «Жас қанат» байқауының бас жүлдесін иеленген болатын.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде «Qazaqstan дауысы» жобасының қатысушысы Құралай Мейрамбек және әкесі, музыкант Мейрамбек Әбдікәрім БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұхбат берді.

«Qazaqstan дауысы» – әлемнің жүздеген елінде көрсетілген әйгілі «The Voice» телешоуының қазақстандық нұсқасы. Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылар вокалдық қабілетіне қарай таңдалады. Өзіміз куә болғандай, музыкалық жобаға еліміздің барлық өңірінен және шет мемлекеттерден де қатысып, талантымен танылып жатқандар бар. Оның ішінде біздің облыстан төрт үміткер байқаудың бірінші сынағынан өтті.

Сахнада Құралай ән айтқан сәтте тәлімгерлер түгел бұрылды. Ән мен әншінің үйлесімін жазбай танып, әрқайсысы алған әсерін жасырмады. Иә, мағынасы терең, музыкалық өлшемі өте күрделі бұл әнді орындауға екінің бірі таңдау жасай алмайды. Сондықтан Құралайдың өнері, расында, тыңдаушыларды тәнті етті. Тәлімгерлердің барлығы жас әншінің өнерін жоғары бағалап, өз тобына шақырды. Ол әйгілі «Музарт» тобының мүшесі, танымал әнші Сәкен Майғазиевті таңдады. Жобада Құралайдың ән айтқан сәті аз күнде мыңдаған қаралым жинап, YouTube-та трендке шықты.

Айта кетейік, әйгілі «Қорқыт-Қобыз» әнін таңдауына  кеңес беріп, жаңаша нұсқада әзірлеген Құралайдың жездесі Манарбек Әбиев екен. Ол – Астана опера-балет театрының музыканты. Шынында, жас әншінің отбасы түгел өнерге жақын. Ата-анасы музыка маманы, қазіргі таңда олар ауылдағы Өнер мектебінде дәріс беріп, туған жердің талантты жастарын тәрбиелеп келеді. Отбасының тұңғышы Гүлзат Әбдікәрімова – бүгінде ел сүйіп тыңдайтын «Қоңыр» тобының әншісі. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында дәріс береді. Одан кейінгі Ұлпан Әбдікәрімова – «Шабыт» ұлттық өнер академиясының түлегі. Италия елінде консерваторияда оқуын жалғастырып, магистратурасын бітірген. Үшінші перзенті Бақдәулет қазір медицина саласында, әйтсе де ол да өнерден алыс емес, бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Шаңырақтың кенжесі Дулат Әбдікәрім де ән-жырға ерекше құштар. Ол №42 орта мектептің 9 сынып оқушысы, таяуда ғана халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының бас жүлдесін иеленді.

Құралай – отбасының төртінші перзенті. Бүгінде ел астанасындағы «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті. Айтуынша, ата-анасы, бауырлары музыка саласының маманы болғандықтан жастайынан халық аспаптарын тыңдап, өнерге құштар болып өскен. Ал тәлімгер ретінде С.Майғазиевті таңдағанына келсек, «Сәкен ағаның қазақ деп соққан жүрегі, қазаққа деген махаббаты маған жақын. Бірақ төрт тәлімгердің де өнерін бағалаймын. Мүмкіндік болса, төртеуін де таңдар едім», – дейді ол.

Жас әнші Құралай Мейрамбектің ұстазы ҚР Еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова еді. Бүкіл саналы ғұмырында жас таланттарды танып, олардың өнер жолында еркін қанат қағуына еңбегін сіңірген ұстаз вокал жанры бойынша көптеген әншілерді дайындады. Шәкірттерінің алды бүгінде республика төңірегінде ғана емес, әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Құралай да бала кезінен өнерге қанат қағып, «Бозторғай», «Славян базары», тағы басқа бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанды.

«Qazaqstan дауысы» жобасында қалың көрерменді талантымен таңғалдырған Құралай Мейрамбек ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасында қонақ болып, сұхбат берді. Эфир барысында «Қорқыт-Қобыз» әнінің авторы Рамазан Тайманов жас әншіге алғысын айтып, алдағы өнер сапарында сәттілік тіледі. Ән авторы жаңа орындаудың көңілінен шыққанын айта келіп, алдағы уақытта жас әншінің талабына сенім артты.

Айта кетейік, аталған байқаудың қорытындысы желтоқсан айының соңына таяу өтеді екен. Білуімізше, шарт бойынша жеңімпазды анықтау үшін тәлімгерлердің таңдауымен бірге халықтың дауысы да қажет болады. Сондықтан Сыр елінің атынан бақ сынайтын үміткерлерге қолдау танытсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<