Тастаяқтан өткен турнир

777

0

Кәсіптік білім беру саласының ардагері Қуанышбек Мырзахметовті еске алуға арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтері арасында облыстық бильярд турнирі өтті.

Ерлер арасында өткен турнирде аймақтың 16 колледжі бақ сынаса, оған ұлттық дәрежедегі төреші Асқар Тілеуқабылов қазылық етті.

Салтанатты іс-шарада ардагердің баласы Серік Қуанышбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал ұйымдастырушылар алда бұл турнирді дәстүрге айналдыру жоспарда бар екенін жеткізді.

– Бүгінгі турнир Смағұл Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі директорының қызметін 11 жыл атқарған заңғар тұлға, білім саласына елеулі үлес қосқан қайраткер Қуанышбек Мырзахметұлын еске алуға арналып отыр. Алда бұл турнирді дәстүрге айналдырмақпыз. Жалпы, кәсіптік білім беру саласының ардагерлерін ұлықтауға арналған мұндай шара өңірде биыл алғаш рет ұйымдастырылуда. Алда өзге колледждер бұл шараларды жыл соңына дейін жалғастырады. Білім басқармасының жоспарына сай, онда спорттың басқа түрлерінен турнир мен кездесулер қамтылмақ, – деді Смағұл Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінің директоры Әлия Досмаханова.

Сонымен еркін пирамида ережесі бойынша өткен тартысты бәсекеде І орын Шиелі индустриалды-аграрлық колледж қызметкері Айдос  Сыздықовқа бұйырды. ІІ орынды Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледж қызметкері Дамир Бейбітұлы жеңіп алса, М.Ықсанов атындағы политехникалық колледж қызметкері Дәурен Аманов ІІІ орынды түйіндеді. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Көкен АҚТАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<