Тауар сапасымен құнды

615

0

Арал ауданының тұрғыны Асхат Алдабергенов былтыр құрылыс материалдарын өндіру зауытын ашты. Кәсіпорын тұрғын үйді еврожөндеуге арналған кафель желімі, дождик, құймалы еден түрлерін дайындайды.

– Бүгінде құрылысқа қажетті тауарлар бағасы қымбат әрі сұраныс жоғары. Өнімдер көбіне сырттан тасымалданатындықтан қымбатқа түседі. Амал жоқ халық тұтынуда. Бұдан шикізатты сырттан тасымалдаған тиімсіз екенін аңғаруға болады. Оны өзімізде өндіруге мүмкіндік бар екеніне көз жеткіздік. Алдымен жобаны жетілдіріп, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрдік. Өнім өндіруге арналған құрылғыларды Украинадан алдырып, іске кірістік. Қазір күніне 200-300 қап тауар шығарылады. Бір қаптың салмағы 25 келі. Бағасы тауар түрлеріне қарай бекітілген.  Негізі құрылғының  тиімділігі зор. Сұраныс артса, күніне 1000 қаптан дайындауға мүмкіндік бар. Жұмысты былтыр ғана бастадық. Халық жергілікті өнім жайында енді хабардар болып жатыр. Қазір аудан мен облыс көлемінен тапсырыстар түсуде. Соңғы уақытта көршілес Батыс Қазақстан облысынан да алушылар табылуда, – дейді ол.

Жергілікті құрылыс заттарын сататын дүкендерде өңір өнімі сирек кездеседі. Әйтеуір жоқ емес, бар. Біртіндеп нарыққа енген жергілікті тауарөндірушілер құрылыс материалдарын өзімізде шығара бастады. Өнімнің сапасы тәуір. Халық кәдеге жаратуда.

– Өнім сапасы жоғары, оны сеніммен айта аламын. Кез келген тауар сапасымен құнды. Біз үшін маңыздысы да осы. Себебі бәсекелестікке тек жарамды тауарлар ғана түсе алады. Өнім тұтынушылар тарапынан оң бағасын алып үлгерді. Бастапқыда бұрын-соңды пайдаланып көрмеген жаңа тауар түрін тұтынушылар да оңайлықпен таңдай қоймайтыны белгілі. Бұған тек уақыт пен сапа керек.  Қазір кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы, облыста кәсіптің сан саласы дамып келеді. Жергілікті өнім көлемі артуда. Мұның бәрі – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасы. Бағдарламаның игілігін көрген жандар жобаларын батыл түрде іске асыруда. Алдағы уақытта өнім көлемі мен түрлерін көбейтіп, жұмыс күшін арттырсам деген ниет бар, – дейді ол.

Жақында Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев девальвацияның құрылысқа қалай әсер ететіні туралы пікірін білдірген болатын. Ол құрылыс материалдарының 54 проценті Қазақстанда өндірілсе, 46 проценті шетелден тасымалданатынын айтты. «Ал іс жүзінде  ішкі нарық отандық үлес делініп жүрген 54 проценттің жартысын ғана қамтамасыз етеді. Қалған жартысын бәрібір сырттан әкелеміз» деген болатын.

Расында, отандық тауарға қолдау керек. Жергілікті өнімнің көлемін арттырып, кәсіпкерлерге мүмкіндіктер берілсе, шетелдік, тауарларды сауда сөрелерінен ығыстыруға әбден болады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<