Тазалық акциясы

1080

0

Облыс аумағындағы су айдындары мен қоршаған ортаны қорғау аясында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы кең көлемде өткізілуде. Шараға студент жастар мен еріктілер және қала тұрғындары белсене қатысуда. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров акция аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Оның айтуынша қала аумағындағы «Көксу» су айдынының аумағы тазартылды және облыстағы 207 су айдынының 80 процентіне тазалық жұмыстары жүргізілмек. Осылайша «Таза су айдындары» акциясы күшейтілген түрде 31 мамырға дейін жалғасады.

– Акцияға жергілікті атқарушы органдар мен табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері және оқу орындарының студенттері қатысуда. Бұл шараның негізгі мақсаты – суға тасталған балық аулау құралдарынан және жағалау аумақтарын қоқыстардан тазарту арқылы табиғатты қорғау. Осы ретте, облыс тұрғындарынан су жануарларының тіршілік ортасын ластамауға және акцияға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Жанқожа Сапаров.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Динара Қуаныш – шараға белсенді қатысушы студенттердің бірі. Айтуынша табиғатты таза ұстау арқылы барлық тіршілік иесі қорғалады.

– Біз топтастарымызбен бірге қала сыртына келіп, жағажай аумағын қоқыстардан тазартуға атсалысудамыз. Алда жаз мезгілі жақындап келеді. Демалыс орындары мен су айдындарын барынша таза ұстауға тырысайық, – деді ол.

Биыл сәуір айында Түркістан облысы аумағындағы «Шардара» су қоймасы мен Сырдария өзенінде аталған акция кең көлемде өтті. Акция нәтижесінде «Шардара» су қоймасының аумағын тазарту үшін 200-ге жуық табиғат жанашыры қатысып, 15 бірлік техника, 9 бірлік су көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ, 5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, 200-ге жуық балық құтқарылды.

Сонымен бірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен «Балық шаруашылығы су айдындарында «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясын өткізу туралы» №30-9/12 бұйрығы негізінде 1 сәуір мен 30 мамыр аралығында Сырдария өзенінде және 20 сәуір мен 10 маусым аралығында облыс аумағындағы барлық су айдындарында балық аулауға тыйым салынды.

Осы орайда жыл басынан бері «Уылдырық шашу» акциясы бойынша балық қорғау заңнамасы шеңберінде 139 заң бұзушылық ісі анықталып, ішкі істер органына жолданды. 134 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 32 ісі сот органдарының қарауына жіберілді. Сондай-ақ, балық аулау ережесін бұзғаны үшін 102 жеке тұлғаға айыппұл салынды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<