Тазалық өзімізден басталады

418

0

Өңірлік коммуникациялар қызметі және «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ ұйымдастыруымен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» (бұрынғы «Самара-Шымкент») автомобиль жолының 1831 шақырымындағы Бірқазан елдімекені тұсында тазалық акциясы өтті. Рейдке жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты.

Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны, айналамызды таза ұстау, тазалық мәдениетін насихаттау. Сол арқылы қоғамның тазалық сақтауға деген көзқарасын қалыптастыру дейді ұйымдастырушылар.

Акция барысында аталған мекеме қызметкерлері жол бойындағы қоқыстарды тазалап, көлік иелеріне арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ бөлім басшысы Ғалымжан Оспанов ақпарат құралдарының өкілдеріне сұқбат беріп, тазалық акциясының маңызына тоқталды.

– Біздің мекеме қызметкерлері республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолы бойында транзиттік жүйені қадағалаумен қатар күнделікті тазалық жұмыстарын да жүргізеді. Өздеріңізге белгілі, күре жол бойының әрдайым таза болуы керек. Бұл автотрасса халықарылық жол болғандықтан ерекше маңызға ие. Сондықтан да бұл бағытта мұндай жұмыстарды ұдайы өткізіп отырамыз. Облыс әкімі біздің мекемеге республикалық маңыздағы жолдардың тазалығына байланысты бірқатар нақты тапсырма берді. Осыған сәйкес, жоспарланған межеде автомобиль жолдарының тазалығы басты назарымызда болады, – деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, нақты кезеңде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» (бұрынғы «Самара-Шымкент») автомобиль жолымен күніне 7 мыңға жуық көлік жүреді. Осыған байланысты әрбір жүргізушіге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жол бойындағы алаңқайлар мен павильондарда қоқыс тастауға арналған жәшіктер қойылған.   

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<