Тазалық пен тәртіп егіз

1050

0

Қоршаған ортаны құрметтеу, өзінің туған ауылын, ауласын, көшесін таза ұстау – әр азаматтың ар ісі. «Тазалық – саулықтың, саулық – байлықтың басы» дейді халық. Биылғы жылдың 5 қазанында «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» атты жалпыұлттық экологиялық акциясының басталғанын білеміз.

Табиғатты аялаушылар мен тазалық үшін күресетіндердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған акция ел ішінде кең етек алды.

Жалпыұлттық акция негізінде Шиелі ауданы Тартоғай ауылдық округінің орталығындағы Ш.Есенов атындағы №153 орта мектепте де жүйелі шаралар атқарылып келеді.

Бұл жұмыстарға мектеп директорының бағдарлы орынбасары Ә.Тоғаева, мектеп тәлімгері А.Сарбасова, сондай-ақ, Ж.Ақпанбетова, Ұ.Мәлібекова, Г.Кенесариева, Ж.Тохаева, М.Асанова, Т.Өтегенова секілді сынып жетекшілері басшылық жасап отыр.

Мақсат – оқушыларды табиғатты аялай білуге баулу, олардың бойына тазалық жұмыстарын күнделікті міндетім деген әдет қалыптастыру, экологиялық тәрбие беру.

Оқушылар акция тақырыбымен бастама көтеріп, мектеп ауласын көркейту үшін ағаш көшеттерін отырғызды.

Сонымен бірге, «Менің үйім – менің аулам», «Таза көше» тақырыптарын да да іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған қатысушылар көше мен жүргіншілер жолдарын қоқыстардан аршып, ауыл мешітінің маңайын тазартты. «Ескерткіштер – ел тарихы» атты экологиялық акция аясында  ауылда орналасқан тарихи ескерткіштердің қасбеті шаң-тозаңынан сүртіліп, айналасындағы эстетикалық көріністер қалпына келтірілді.

Туған жер келбетін көркейтуге бағытталған мұндай жұмыстар мектеп тарапынан әр кезде өз жалғасын табатын болады және №153 мектеп барлық әріптестерін тазалық үшін күресуге шақырады.

Көреген ҮСЕНОВ,

№153 мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<