Теңізді аудандағы толымды тірлік

311

0

Өңірлік коммуникациялар қыз­метін­де Арал ауданының әкімі Мұхтар Ораз­баевтың қатысуымен брифинг өтіп, ауданда биылғы 8 айда атқарылған жұ­мыстар сараланды.

Есепті мерзімде 10958 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріліп, негізгі капиталға тар­тылған инвестиция көлемі 6,251 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, са­­лық пен басқа да түсім түр­ле­рінің болжамды орындалуы 2264,1 млн теңге немесе 114 про­­цент болды. Оның ішінде аудандық бюд­жетке түсім 1398,9 млн тең­геге жетіп, 107,8 процентке орын­далған.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 8414,8 млн теңгені құрап отыр. Оның ішін­де өңдеу өнеркәсібінде 6271,2 млн теңгенің өнімі өнді­ріліпті. Атап айтқанда, 145,5 мың тонна йодталған ас тұзы, 2547 тонна балық өнімдері және 68,3 текше метр кварц топырағы өң­делген.

Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілді.

Шағын және орта бизнес­ті қолдау бағытында «Бизнес­тің жол картасы-2020» бағдарла­масы аясында пайыздық мөлшер­лемелерін субсидия­лау бойынша жалпы құны 309,9 млн теңге болатын 9 жоба қаржы­ландырылған. Оған қоса, құны 60 млн теңгені құрайтын 2 жоба кепілдендірілген.

Құрылыс саласында барлығы 10 жобаны іске асыруға 4,5 млрд теңге қаржы қаралған. Соның ішінде Арал қаласындағы №14 мектептің қосымша құрылысы, 150 орындық аудандық орталық аурухана, екі қабатты әкімшілік ғи­мараты жыл соңына дейін пай­далануға беріледі деп күтілуде.

– Сонымен бірге, Арал қаласында ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының құ­ры­лыстары аяқталып, өткен ап­тада пайдалануға берілді. Жыл ішінде іске қосылған құры­лыстардың қатарында Сексеуіл кентінде спорттық-сауықтыру кешені мен аудандық №3 ма­ман­дандырылған өрт сөндіру бөлі­мінің жаңа ғимараты бар. Өзде­ріңіз білетіндей, Арал қала­сындағы Т.Жароков көшесінде орналасқан екі қабатты ғима­ратта төтенше жағдай орын алған болатын. Ол 1986 жылы балабақша мақсатында салынып, кейін тұрғын үй ретінде берілген. Ғимараттың екінші қабатының төбе жабындысы құлады. Онда 19 пәтер орна­ласқан. Бұған қоса, Арал қала­сының Аралтұз көшесінде орна­ласқан 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй апатты жағдайда болатын. Аймақ басшысының жедел әрекеті нәтижесінде облыстық бюджеттен 310 млн теңге қар­жы бөлініп, 27 тұрғын үйдің құ­рылысы аяқталып, өткен аптада тұрғындар игілігіне берілді,– деп атап өтті Мұхтар Оразбаев.

Жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 2526 адамның 893-і тұрақты жұмысқа орналасса, 745-і қоғамдық жұ­мысқа жіберілді. Есепті кезеңде 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 908 жаңа жұмыс орны ашылған.

Білім саласын цифрландыру бағытында 110 комплекті ин­терактивті тақта алынып, ауылдық 22 мектепке 5 комп­лектіден берілсе, 11 мектеп «электронды күнделік» жүйесімен, 15 білім ұясы «Білімлэнд» вир­туалды оқыту платформасымен онлайн негізінде  және 34 мектеп оффлайн негізінде жұ­мыс жасайды. Бірнеше білім беру ұйымында робототехника ка­би­неттері ашылса, 27 мектеп кең жолақты интернет желісіне қо­сылған.

Сондай-ақ, денсаулық, мә­дениет, ауыз сумен қамту, газдандыру, жол жөндеу, абаттандыру бағытында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған.

Айнұр БАТТАЛОВА, 
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<