Тіл білу арманыңа жол ашады

603

0

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген мен ана тілін қастерлеген қазақ қызымын. Әйтседе заман талабына сай тіл меңгеріп, өзге жұрттың мәдениетін, тарихын білуге асықтым. Тіл меңгеру менің  зейінімді ашуға, қалаған арман-мақсатыма қол жеткізуге септігін тигізеді.

Сондықтан тіл үйренуді мектеп жасынан бастау керек. Шет тілі оқушылардың тілін дамытып, сөйлеу білік-дағдыларын қалыптастырады. Тіл арқылы халықтың рухани байлығын, тарихын танытуды көздейді. Оқушылар сабақта әңгімелесу, бір-біріне сұрақ қою, берілген заттарды сипаттау бойынша анықтау, аударма жасау, сахналық қойылымдарға қатысу арқылы ағылшын тілін үйренеді, меңгереді. Ал осыны көкейіне тоқыған, санасына сақтаған баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болады. Шет тілін меңгеру – заман талабы. Ал жас ұрпақ ешқашан да уақыт көшінен, заман талабынан шетте қалмауы тиіс. Әлемдік деңгейдегі игіліктерді жақындататын мақсатқа жету үшін бізге бірінші кезекте халықаралық қатынас тілі болған ағылшын тілін үйрену қажет.

 Мен С. Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінде орта білім алдым. Мектеп қабырғасында шет тілдерді меңгеру мақсатында ағылшын тілін үйренуге ынталанып түрлі олимпиадаларға қатыстым. Нәтижесінде өзім армандаған жоғары оқу орнына түстім. Қазіргі таңда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және шет тілдері университетінің екі шет тілі мамандығының 2 курс студентімін. Іргелі білім ордасы мен секілді мың сан шәкіртке заманауи білім беріп, жаңа ғасырға жол ашты.  Оқу орнынан ағылшын және неміс тілдерін меңгеріп жүрмін. Тіл білгеннің нәтижесінде,  ізденісім,  білімге деген құлшынысым артты. Әр жылдары Италиядағы Римде өткізілген халықаралық олимпиададан жүлделі бірінші орын иелендім.  Одан бөлек Франция, Испания елдерінде де болдым. Ұлы Британия консулдығында ағылшын тілін қаншалықты меңгергенімді тексеріп,  арнайы сертификат алдым. Бұл жазбам арқылы мен барша замандастарымды тіл үйренуге шақырамын. Білімді кеңейтіп, білікті маман болып ел ертеңі үшін бірге еңбек етейік.

Фариза ҚАДЫР, 

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<