Тілдер мерекесіне арналған онкүндік

3498

0

Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі елімізде 2018 жылдан бастап қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай аталып өтіп келеді. Биыл Алаш ардақтысы, ұлт ұстазының туғанына – 150 жыл. Атаулы күнге орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ләззат Есімова облыс көлемінде өтетін іс-шаралар туралы айтты.

– Бұл мереке – елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрамы. Осы орайда атаулы күнге орай облыс көлемінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл іс-шаралар 1-10 қыркүйек аралығында онкүндік аясында өтеді. Алғашқы іс-шара – ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы жайлы дәріс сағаттарына арналады. Екінші күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында зиялы қауым өкілдерінің және жастардың қатысуымен оқырман сағаты өтеді. Осы күні қаладағы білім беру ұйымдарында «Тілді сүю – талбесіктен» акциясы және «Ахаңның айшықты ойлары» тақырыбында жалпы облыстық диктант ұйымдастырылады. Онкүндіктің үшінші күнінде облыстық, қалалық, аудандық Жастар ресурстық орталықтарында «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты кинофильм көрсетіледі. Ал 5 қыркүйек күні зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» атты мәжіліс ұйымдастырылып, тіл жанашырларын марапаттау рәсімі өтеді. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейде аталып өтілуде, – деді Ләззат Жұмаханқызы.

Сондай-ақ, 5-9 қыркүйек аралығында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан «Тіл білімінің атасы» атты бейнеролик көрсетіліп, әлеуметтік желілерде «Ұлт ұстазымен үндесу» атты челлендж ұйымдастырылады. Мұнан соң 6 қыркүйекте Жастар ресурстық орталығында қала және аудан жастары арасында «Ой мен ойын» интеллектуалды сайысы, 7 қыркүйекте А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар шешендер байқауы және «Достық үйінде» этнос өкілдерінің қатысуымен «Поэзия және мен» атты іс-шара өтеді. Ал 8 қыркүйек күні «Ұлт тілін ұлықтаған» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, 9 қыркүйекте құзырлы органдар мен жергілікті ономастикалық жұмысшы топ арасында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында облыстық семинар, 10 қыркүйекте қала және аудан орталықтарында «Тіл – халықтың қазынасы» атты сайыс өткізіледі.

Сонымен қатар, облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерде Тілдер күніне байланысты эссе, көркемсөз, мәнерлеп оқу сайысы, жазба ақындар мүшәйрасы, термешілер байқауы және түрлі ток-шоулар мен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

Аталған барлық іс-шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда кеңінен айтылды. Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы іс-шаралар тек мереке қарсаңында емес, жыл бойы жүзеге асады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<