Тіл – ұлттың жаны

321

0

Елдің ертеңі бүгіннен басталады десек, ол – дау жоқ, кешегінің жалғасы. Алаш азаматтарының елдік, ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, ел үшін ең қажеттіліктерді жазып рухтандыра білгендері – бүгінгі егеменді елдің жас­тарына үлгі-өнеге. 

Халқымыздың санасына ой сала, ел болашағының жарқын болуын көксеген тақырыптардың бірі тіл тағдыры еді.  

Адамзат тарихының ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей, қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс тіл мәселесі болып табылады. Тіл – ұлттың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші роль атқаратын, рухани мәдениетінің бір бөлігі екені белгілі. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ата-бабаларымыз ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді.

Ана тілі – болашағын танытатын халықтың мәңгілік мәселесі. Елдіктің негізгі белгілері мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Тіл арқылы адамзат баласының рухы аспандап тұрады. Бір ғана мемлекеттік Гимн ана тіліңде орындалып жатқанда қандай күйде, сезімде болатыны елестетіп көріңізші! Әнұран сөздерінен елдік, ерлік рухымыз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз байқалмай ма?! Тіл адамды жігерлендіреді, рухтандырады. Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, тарихты айналып өтуге болмайды. Сан түрлі қилы кезеңдерді, зұлматтарды бастан кешірсек те тіліміз өшкен жоқ. Себебі, оның жолында өлшеусіз үлес қосқан ұлт зиялылары тұрды.

Әлемдік сахнада өзінің бет-бейнесін танытып үлгерген Қазақстан Республикасы қазіргі таңда өзгелермен иық тірестіретін дәрежеге жетті. Осындай жетістікке жетудің алғышарттарын іздегенде ең алдымен өткен тарихымызға табан тіреп, ұлт жолында қызмет еткен тұлғаларымызды дәріптегеніміз жөн. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық мүддені көтерудегі орны туралы Елбасының «Тарих толқынында» еңбегінде «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауындағы: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани, зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды», деген сөзін естен шығармауға тиістіміз.

Тәуелсіз елі бар, мемлекеті барда қазақ тілі ешқашан жойылмайды, жоғалмайды. Елімізде тілді дамыту үшін барлық жағдай жасалынған. «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілік мәселесі», – деп  Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.

 

Б.АБДУАЛИ,

Қызылорда қаласының 

№2 сотының бас маманы, 

сот отырысының хатшысы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<