ТӨЛЕМ ЖАСАМАҒАНДАР ЖАРЫҚТАН АЖЫРАТЫЛУДА

604

0

Барлығына белгілі болғандай 1-маусымнан бастап халықты жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Сыр жарығы» рыноктан кетіп, орнына «Энергосервис» ЕЖШС келген болатын. Осыған орай, барлық құрылымдар қайта келісім-шарт жасасып, жарық төлемімен есептесуі тиіс. Алайда, әлі күнге дейін құжаттарын дайындамай, келісімге келмеген, 3 ай бойына қарыздарын төлемеген бизнес орталықтары қаламызда бар болып шықты. Қарыздарын өтемегендер өткен сәрсенбіде жарықтан ажыратылды. Құжат дайындауда селқостық танытқан орталықтардың қатарында «Мирас» сауда орталығы да бар. Бұл сауда кешені қарамағындағы кәсіпкерлерден ай сайын жарнапұлдарын алып отырса да, уақытылы құжат дайындап, жарық төлемін төлеуде құлықсыздық танытып келген.
«Бұл сауда орталығы маусым айынан бері ешқандай келісім-шарт жасамады. Негізгі қарыз көлемі 3 млн. теңгені құрайды. Бұған дейін де бір рет жарық өшірілген, алайда, өздері қайта қосып алған. Сондықтан да, қазір орталық жарықсыз отыр. Дегенмен, құжаттар енді дайындалып жатыр. Мекеме ендігі жерде қарыздарын өтейтін болды», – деді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Ниязов. 
«Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясының айтуынша, мұндай фактілердің бірнешеуі тіркелген. Олардың ешқайсысы да шарасыз қалмайтын болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<