Тоқсан жыл – тұтас тарих

488

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Биыл еліміздің жетекші университеті әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университеттің ресми ашылуы 1934 жылдың 15 қаң-тарында болды. Дәл осы күні ҚазМУ-дың алғашқы студенттері қабылданып, биология және физика-математика факультеттерінде 54 студент оқуға кірісті. Осы жылдың 1 қыркүйегінде химия факультеті ашылды.

Университеттің тұңғыш ректоры болып ҚазССР халық ағарту комитетінің орынбасары қызметінде болған Ф.Оликов тағайындалды. Ғылыми және оқыту жұмыстары республикадан тысқары жерлерде арнайы дайындықтан өткен 18 оқытушы құрамымен басталды. 1934 жылдың 2 желтоқсанында университетке С.Киров есімі берілді. Оқу ордасының басты мақсаты – ұлттық кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталды.

1930 жылдардың аяғына дейін алғашқы гуманитарлық  шет тілдер, филология факультеті ашылды. Қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдерімен мамандықтар аумағы кеңейді. 1938 жылы аспирантураның ашылуы мен кандидаттық дәреже және доцент атақтарын тағайындайтын ғылыми кеңестің құрылуы ҚазМУ-дың даму бағдарындағы маңызды оқиға болды. Соғыс жылдарында Ресей, Украина және Беларусьтің ірі ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалары ҚазМУ-ге ауыстырылды. Соның нәтижесінде Қазақ университетінде химия, астрономия, физика, тарих және тілтану салалары бойынша жаңа ғылыми мектептер ашылып, іргелі ғылыми орта қалыптаса бастады. Соғыстан кейінгі жылдарда ҚазМУ республиканың өндірістік-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларына жоғары білікті кадрлар даярлаудың жетекші орталығына айналды.

Университет құрылғаннан бері Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде әл Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы уни-верситеттің біріне айналды.

Биыл сондай-ақ, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына 90 жыл толды. Театр 1934 жылы 13 қаңтарда құрылды. Бұған 1933 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақ АКСР халық ағарту комиссариаты алқасының шешімімен елу актер, симфониялық оркестрдің жиырма музыкант және ұлттық оркестрдің он екі адамынан құралған музыкалық студияның ашылуы негіз болған.

Өнер ордасының сахнасында алғаш Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясы көрермен назарына ұсынылды.

1938 жылы балет труппасы алғаш рет Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» атты туындысын сахналады. Бұдан кейін «Бүкір құлын», «Раймонд», «Бақшасарай фонтаны» сынды қойылымдарын ұсынды. Сондай-ақ осы жылы алғаш рет Шоқан Уәлихановтың «Қалқаман-Мамыр» қазақ балеті қойылды. Жыл сайын театр түрлі қойылымдармен толығып отырды.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында театр репертуарында 31 опералық (олардың ішінде 9-ы қазақша) және 6 балет (оның ішінде екеуі қазақша) спектакль болды. 1941 жылы театрға академиялық мәртебесі берілді. Соғыс жылдары театр халықтың қайғысына ортақтасты. Әйгілі ағартушы, философ, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына жүз жыл толуына орай опера және балет театрына оның есімі берілді.

Бүгінде театр өз көрермендеріне түрлі жанрдағы қойылымдарын ұсынып, шығармашылық жолында толассыз жұмыс жасауда. Сондықтан да өнер ордасы қазақ халқы үшін әрдайым өз биігінде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<