Тор тоқу – табысты кәсіп

1099

0

Жаңақорған кентінің тұрғыны Сейдахмет Сарбасов өткен жылдан бастап рабица-тор өндіру цехын іске қосқан болатын. Цех былтыр 15 мың тоннадан астам өнім өндіріп, шаруасын ширатты.

Бүгінде құрылыс, ауыл шаруа­шылығы саласына пайдаланатын тор сымға сұраныс жоғары. Стандарт ұзындығы 10 метр бір орама болады. Ал, биіктігі 50 сантиметр­ден 2 метрге дейін тоқылады. Қазір цехта қызу жұмыс жүріп жатыр. Жұмысшылар ауданда салынып жатқан құс фермасына 2000 метр тор сым тоқуда.

Кәсіпкердің цехы ауласында орналасқан. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Цехқа қажетті құрылғыны Ресейден өз қаражатына алдырған. Автоматтандырылған станоктың тиімділігі зор. Қажетті өлшемді құрылғының смарт экранына орналастырсаңыз болғаны, әрі қарай өзі тоқып шығады. Ал, шикізатты, яғни сымды

– Кәсіпті қолға алмас бұрын әбден зерттедім. Іздендім. Автоматтандырылған станокты өзім барып әкелдім. Мамандардан пайдаланудың қыр-сырын толық меңгеріп қайттым. Қазір нәтиже жаман емес. Өнімге тапсырыс берушілер көп. Жұмыс күнделікті жүріп тұр. Тұрмыстық жағдайда тор сым ораманы көп қолданады. Қарапайым тауық қораны да тор сымнан жасайтын болғандықтан, кейде тапсырысқа үлгере алмай жатамыз. 8 сағатта 200 метр немесе 20 орама сымды тоқып үлгереміз, – дейді Сейдахмет Сарбасов.

Биыл кәсіпкер қосымша жиһаз жасау цехын іске қосты. Осы жұмысты жандандыру үшін мемлекеттік бағдарламаның игі­лігін көрді. Қайтарымсыз грант жеңіп алды. Арнайы мамандарды шақырып, жұмысшыларды оқытты. Жергілікті халықты өз өнімімен қамтамасыз етіп отырған еңбекқор азамат кәсібін одан әрі дамытуды көздейді.

Отандық өнімнің дамуына үлес қосып жүрген Сейдахмет жергілікті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктердің де бар екенін жеткізді. Тек шынайы ниет пен талап болса, жергілікті өнім өндірушілер қатары арта беретініне сенімді. Расында, сауда сөрелерінде тек отандық тауардың самсап тұрғаны қандай жақсы.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<