Құтты мекенім – Құмбазар

1053

0

Құмбазар менің туып-өскен жерім, кіндік қаным тамған жер. Әгәраки, Аралға келе қалып, «Құмбазар қай төңіректе орналасқан?» десеңіз, жұрт оңтүстікке, дария бойына қарай қолын сілтері белгілі. Құмбазар – темір жол тартылған Бекбауыл ауылдық округіне қарасты сексендей түтіні бар шағын жұрт.

Бұл – ғажап ауыл. Сыр өзе­нінің жағасына жайғасқан.  Аңқылдаған адамдар, еңбекке ұмтылған кәрі-жас, өзен-көлінен балық аулап, қолдағы қарасын қызықтаған, бәрі-бәрі жарасым тауып жайғасқан шат мекен.

Құмбазардың таулы, орманды өлкесі болмаса да, көктем кезінде Сыр өзенінің өзіне тән мінезін көрсетіп, арнасынан асып-тасқан уақыты, тақтайдай тегіс кең дала, төрт түлігі емін-еркін ентелей жайылған жусанды қырлар, жайқалған көк шалғын шөбі әркімді өз ауылына сөзсіз жетелейді.

Ауыл төрінде екі қабатты, бүгінгі заманға лайықталып салынған  он бір жылдық  білім ордасы бой  көтерген. Ауылдық  клуб пен дәрігерлік пункт ел игілігі үшін  жұмыс  жасап келеді. Аудан орталығынан алыстау орналасқанымен, ұя­лы байланыстың барлық түрі жақсы дамыған. Тіпті, жақында ғана «Қазтранстелеком»  құрған Wi-Fi желісін ауыл халқы пайдаланып отыр.

Құмбазардан жалпақ жұрт­қа үлгі  боларлық үлкен азаматтар көптеп шыққанын білесіз бе? Естіген елдің құлағында дауысы  қалған Дәріғұл жырау,  белгілі жыршы-термеші Набат Ойнарова, балалар жазушысы Сағындық Тұрдалиев,  есімі баршаға  белгілі ақын, режиссер-сценарист  Оңталап  Нұрмаханов.  Осылардың   кіндік  қаны  тамып,   құтты   мекеннің   құмында сай­ран салған  ізі  бар. 

Қашанда болмасын, Сыр өзенінің жағасы берекелі жер емес пе?! Құмбазарлық қауым мал шаруашылығымен айналысады. Атакәсіптің жүгін арқалаймын дегенге таптырмас мекен. Көктем келіп, мал төлдегеннен кейін әр үйден күбінің күмбір дыбысын естисің. Түс уақытында шай орнына сырлы шелекке салқындай қойылған қою айранды сіміре тартасың. Шешелердің сүзбеден құрт жасап, жағалай жайып күн бетіне кептіріп жатқанына, келсеңіз, өзіңіз де куә болар едіңіз ғой. Иә, ауыл туралы айта берсем әңгіме таусылар ма?!

Бүгінгі күні еліне, туған жеріне қызметін жасап жатқан азамат ағалар аз емес. Туған жерге ұлтан болып, елді көркейтуде аянбай тер төккен перзенттердің еңбегіне сүйеніп, өзің де солардың қатарына ұмтыласың…

Төребек ТӨРЕМҰРАТОВ. 

Арал ауданы,

Құмбазар ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<