ТУБЕРКУЛЕЗ ТЕГІН ЕМДЕЛЕДІ

715

0

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017-2018 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес Қазақстан 2017 жылдың қорытындысымен туберкулездің таралуы  бойынша өзінің  жағдайын 2016 жылмен салыстырғанда 2 позицияға жақсартып, 138 елдің  ішінен 90-орын алды.
Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда бұл дертке шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100000 адамға шаққанда (2007 жылы 126,4) 52,2-ні құрады. Өлім-жітім жағдайы 100000 тұрғынға шаққанда 6 есеге төмендеп 3,0-ді құрады.
Ал біздің облыста аурушаңдық көрсеткіші  өткен жылмен салыстырғанда 100000 тұрғынға шаққанда 64,9-дан 59,2-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 3,4-тен 3,2-ге төмендеді.
Қазақстанда және облысымызда туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Соған сәйкес, облысымызда аурушаңдықтың азаюына байланысты төсек-орын саны 400-ге дейін қысқартылды. Арал, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы ауруханалары жабылып, үнемделген қаржы диагностикалық зерттеулерді жетілдіруге, жаңа құрылымдар алуға жұмсалды. Ал, барлық аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлер  жергілікті аудандық аурухананың құзырына берілді. Мұндағы мақсат – туберкулезді анықтау және емдеуде науқастарды бір жерден қарап, кеңес беру, аудандық аурухана құрамындағы  диспансер мамандарының   науқастарға  медициналық көмекті барынша жақсартуы болып отыр.
Аймақта туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың  халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бактериологиялық  зертханасында ауруды  және оның көптеген  дәрілерге көнбейтін түрін тез  анықтау (2 сағаттан 2 күнге дейін) бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізіліп жұмыс жасауда. Бұл әдістер БАКТЕК қондырғысы, Хайн-тест, Джейн-эксперт әдістері арқылы іске асырылуда.
Туберкулезді анықтауды жетілдіру мақсатында 3 ауданға  (Арал, Шиелі, Сырдария) жылжымалы флюоромашина алынды. 2 флюороқондырғы жаңадан алынып, облыстық перинаталдық орталық пен  №1 емханаға орнатылды. Науқастардың қосымша ауруларын  емдеуге 41561630 теңгеге  жаңа үлгідегі аппараттар мен құрал-жабдықтар  алынып,  жұмыс жасауда. Туберкулез уақытылы  анықталып, дұрыс емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге болады.
Туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және  айналасындағыларға қауіп төндірмейтін пациенттер, егер үй жағдайында емделуге  ынталы болса, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдай алады. Мысалы, облысымызда 2017 жылы  туберкулез микобактериясын бөлмейтін  462 науқастың 152-сі немесе 32,9 проценті емін амбулаториялық жағдайда бастады. Әрбір науқасқа әлеуметтік  қаржылай көмек берілуде. Өткен жылы  1490 науқас 185768,8 мың теңге (2016 жылы 1219 науқас – 139745,9 мың теңге) әлеуметтік көмек алды.
Ауруды емдеуде де өзгерістер  бар, яғни көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастар  бұрын  24 ай емделсе, қазір жаңадан дәрілердің  емге қосылуына байланысты емнің ұзақтығы 9-12 айға дейін қысқарды.
Туберкулез бактерия бөліп шығаратын науқастан ауа арқылы беріледі. Туберкулезге шалдыққандардың тек 40 проценті ғана бактерия бөліп шығаратын және жұқпалы ауруы бар науқас болып табылады. Ол науқас адамдардың тек 10 процентінде ғана  дамиды, ал қалған 90 проценті иммунитеті жоғары болса, туберкулез микобактериясын жұқтырғанмен ауырмайды. Дер кезінде анықталып, ем шаралары қабылданатын болса, туберкулезден толықтай айығуға болады.
Туберкулезді анықтау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізілетіндігін ескерте кету қажет. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында туберкулезді толығымен емдеуге болады. Туберкулезді еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады.
Әсіресе, кәсіпкерлердің туберкулездің бизнеске ықпал ету қаупінің жоқ екендігін объективті түрде бағалауы еліміздің бәсекеге қабілеттілік рейтингінің өсуіне және инвестиция тартудағы өзіндік тартымдылығының арттыруына септігін тигізеді.
Әбдіғабит ӘБЛӘЗІМ,
облыстық туберкулезге
қарсы диспансерінің бас дәрігері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<