Түлектер форумы

646

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бас оқу ғимаратында білім ордасының 85 жылдық мерейтойы аясында І Түлектер форумы өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев, облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова және И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бахытхан Әбдікәрімов қатысты. Сондай-ақ, әр салада табысты еңбек етіп жүрген түлектер бас қосты.

Форумда  университет  түлегі Ғ.Әміреев білім ордасы жаңа даму деңгейіне көтерілгенін және алдағы уақытта да ауқымды бастамалардың жүзеге асуына үлес қосатынын жеткізді.

Ал Шахмардан Байманов университет жастардың тұлға болып қалыптасуына, қоғамда өз орнын табуына ықпал еткенін айтты. Сондай-ақ, үздік түлектер студенттермен жиі кездесіп, «Жетістіктер формуласы» атты шеберлік сағатын өткізіп, байланыс орнату керегіне тоқталды.

– Ең алдымен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған университет ұжымына алғыс білдіремін. Бұл студенттік кезді, қызықты сәттерді еске түсіруге мүмкіндік деп білемін. Жалпы бұл университет еліміздің беделді оқу орындарының қатарында. Түлектері әр салада табысты еңбек етіп жүр. Осы жерден түлеп ұшқан әрбір жастың қоғамнан өз орнын табуына университет ұжымының да еңбегі зор. Сол себепті әрбір тың бастамаларыңызға, атқарылып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ш.Байманов.

Университеттің басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова  оқу орнының стратегиялық дамуына түлектердің қосқан үлесі ерекше екенін атап өтті.

– Университетте 2005 жылдан бастап Түлектер қауымдастығы жұмыс жасайды. Түлектер қамқорлығымен үнемі материалдық-техникалық базаны нығайту және университетті дамыту мақсатындағы жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ғылыми-зерттеу бағытындағы лабораторияларды ашуға демеушілік жасалуда. Қазір оқу орны түлектермен жұмыс жасаудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Халықаралық және отандық үздік оқу орындарының тәжірибесі зерттелді. Болашақта өздеріңіз секілді Отанымызға қажетті мықты кадрларды тәрбиелеу үшін жан-жақты стратегиялық даму өте маңызды және осы бағытта бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамын, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Іс-шара барысында Түлектер қауымдастығының тең төрағасы Бахытхан Әбдікәрімов пен Мақсұт Досжанов осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстарға тоқталып, қауымдастық университет пен түлектер арасындағы мықты байланыстың орнауына ықпал еткенін айтты.

Мұнан бөлек, «Мансап» ЖШС бас директоры, іскерлік әкімшіліктендіру магистрі София Әбдіразақова, «First Heartland Jysan Bank» АҚ облыстық филиалының директоры Роман Цой және филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы  естелік айтты.

Университетте былтырдан бері «Эндауменд» қоры құрылды. Алдағы уақытта «Алтын түлектердің тақтасы» және «Біздің түлектер» атты электронды кітап әзірленеді.

Жиын соңында Түлектер қауымдастығының жаңа жетекшісі болып университеттің корпоративтік хатшысы, «Экономикалық теория және мемлекеттік басқару» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Дүзелбаева сайланды. Ол алдағы уақытта университет ұжымымен бірлесіп, бірқатар жұмыстар мен тың жобалар атқарылатынын айтты.

Бейбіткүл Кәрімова әр салада қызмет етіп жүрген түлектерді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек» медалімен марапаттады. Форум соңында еркін форматта пікір алмасу болды, стратегиялық даму жоспары талқыланды. Алдағы уақытта университет пен Түлектер қауымдастығы бірлескен жол картасын даярлау жөнінде жұмыс атқарады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<