Түсіндірме жұмыстарын жүргізді

415

0

Кеше «Қызылорда тазалығы» мекемесі мамандары  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі студенттерімен кездесіп,  қаламыздың тазалығын сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесуде сөз алған «Қызылорда тазалығы» мекемесі директорының орынбасары Ғ.Оспанов:

-Туған қаламыздың тазалығын сақтау-барлық тұрғындардың ортақ міндеті болып табылады. Дегенмен, қазіргі таңда тұрғындар арасында қоқыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастау жағдайлары азаймай отыр. Соған сәйкес, мекеме тарапынан ұдайы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, шаһарымыздың гүлденуі өз қолымызда екендігін айтып бағудамыз.  Сондай-ақ,  әрбір жас ұрпақ еліміздің  саналы азаматы ретінде өзі тұратын қаланың таза, көрікті болуы жолында үлесін қосуы керек. Әсіресе, Өздеріңіз секілді студенттер қоғамдық орындарды таза ұстап, сенбілік шараларына атсалысып жүрсе, табиғатқа деген жанашырлық сезімі оянар еді. Себебі,  өңіріміздің таза әрі әсем  болуы бойында патриоттық сезімі қалыптасқан жас ұрпақтың қолында-деді.

Одан соң, мекеменің «Жеке және Заңды тұлғалармен жұмыс атқару» бөлімінің басшысы А. Ерғалиұлы тазалықшылардың да өзге қызметкерлер секілді сегіз сағаттық жұмыс атқаратындығын алға тартып, қалған уақытта қала тазалығына баршаның жауапты екендігін айтып өтті.

Шараға колледж директорының тәрбие-ісі жұмыстары жөніндегі орынбасары Темірхан Бөлегенұлы мен мекеме маманы Динара Утепова қатысып, жастарды қоғамдық орындарда тазалық мәдениетін сақтауға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<