Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

597

0

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының бастамасымен жыл сайын 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні аталып өтеді.

Осы күннен бастап «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты науқандық шара өткізу дәстүрі қалыптасқан. Бұл халықаралық науқан 10 желтоқсан – халықаралық адам құқығы күніне дейін жалғасады.


Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов, облыстық полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Светлана Баймағанбетова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен жандарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы баяндап берді.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының Айгүл Ибраеваның айтуынша жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер саны көбейе түскен.


– Әлемдік деңгейдегі зерттеу қорытындыларына жүгінсек, әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет тұрмыстық зорлықтың зардабын тартады екен. Осындай себептен қиын жағдайда қалған жандарға басқарма тарапынан жан-жақты қолдау шаралары қарастырылған. Соның бірі – басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жұмыс жасайтын «Қамқорлық» дағдарыс орталығы. Осы орталықта жыл басынан бері 300-ге жуық адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді, – дейді С.Ибраева.


Облыстық полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Светлана Баймағанбетова тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп тұрғанымен, құрбан болғандар саны азайғанын айтады.


«Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов осы күні орталыққа 52 адам уақытша (6 ай) орналасып, әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік секілді, басқа да арнаулы көмектер алып жатқанын айтты. Егер мәселе ушыққан жағдайда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылып, тиісті қолдау шаралары көрсетіледі.


– Соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің көбейген. Оған осы кезеңдегі пандемия салдары да әсер етіп отыр. Сондықтан біздің мақсатымыз – облыс тұрғындарының да бұған бей-жай қарамай, отбасылық дау-дамайдың алдын алып, осындай жағдайдан көбіне зардап шегетін ана мен бала құқығының сақталуына назар аудару, – дейді орталық басшысы.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<