Талап тегеурінді

4

0

Одан әрі Жосалы кентіндегі «Ру­ханият орталығында» аудан акти­вінің жиыны өтті.

Аймақ басшысы бірқатар өзекті мәселеге тоқталып, салық базасын ұлғайту, шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізу, су үнемдеу тех­но­логияларын енгізу, құрылыс сапасын бақылауды күшейту және газдандыру деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Ауданның қаңтар-мамыр ай­ларындағы негізгі макро­эконо­мика­лық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Қаржылық тұрақ­тылықты қамтамасыз етуде салық базасын ұл­ғайту ерекше маңызға ие. Кент және ауылдық округ әкімдері осы ретте жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Ішкі мүмкіндіктер мен эконо­микалық әлеуетті тиімді пайдалана отырып, жаңа инвестициялық жо­баларды қолға алу қажет.

2023 жылдан бері күріш егісінің көлемі 1158 гектарға қысқарды. Ауданда 33 шаруа­шылық каналы бар болса, соның 9-на жоба-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Суды аз қажет ететін дақылдарға ба­сымдық беруді тапсырамын. Жоба­ларды әзірлеп, «Байқоңыр» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік кор­по­ра­­ция­сымен бірлесіп жұмыс жа­­саңыздар, – деді облыс әкімі.

Кейінгі төрт жылда Қармақшы ауданында 267 пәтер берілген. Тұр­ғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Жауапты басшылар құрылыс сапа­сына бақылауды күшейтуі керек.

Қармақшыда газдандыру көрсет­кіші 79,2 пайыз, бүгінде Иіркөл және Төребай би ауыл­дарына табиғи газ қосу қарқынды жүргізілуде. Аймақ басшысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасымен бірлесіп, басқа ауылдарға да кезең-кезеңімен газ жеткізуді тапсырды.

«Жасыл даму» акционерлік қо­ғамының қаржыландыруымен өңір­де 98,7 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда. Қармақшы ауданында «Грин Орда Проект» серіктестігінің жобасы жоспарланған. Алдағы уақытта жұмыс қар­қынын арттырып, екінші кезең сараптамасына құжат тапсыру керек.

Бұдан бөлек, жауапты тұлғаларға қоғамдық тәртіпті нығайту және Конго-Қырым гемор­рагиялық қыз­басы бойынша эпиде­миоло­гиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.

Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Осы сапарда аймақ басшысы қармақшылық үздік оқушылармен кездесіп, олардың ұстаз­дарымен бірлесіп жасаған қолөнер бұйым­дарын және заманауи техноло­гия­ларды пайдалана отырып жүзеге асырған тың жобаларының көрмесін тамашалады.