Туған топырақтағы мерейтой

695

0

Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай туған жерінде салтанатты іс-шара өтті.

Онда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Аз ғана ғұмырында соңына өшпестей із қалдырған тұлғаның өмірінен театрландырылған көрініс қойылды. Аудан әкімі қасиетті топырақта дүниеге келіп, тарихи тұлғаға айналған Ғани Мұратбаевтың есімі мәңгілік есте сақталатынын жеткізді.

– Жастардың көзқарасын өзгертiп, қоғамға жаңа леп, тың идея алып келген Ғани Мұратбаев тек қазақтың ғана емес, күллi Орта Азия халқының жастар көшбасшысы болды. Таланты мен дарыны, талабы мен ынтасы, қайраты мен жігері оны қияға шығарды. Білімімен биік белестерді бағындырды, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Содан соң мерейтойға орай облыс әкімінің арнайы Құттықтау хатын ауылдық округ әкіміне табыстады. Бірқатар отбасыға аудан әкімінің «Алғыс хаты» берілді.

Айта кетейік, Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай футбол, жүгіру, сурет салу және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстық ақындар мүшәйрасы мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<