Туристер саны артуда

1831

0

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Сыр өңіріне 42 236 адам турист ретінде келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 процентке жоғары. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Тасқараев туризм саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жергілікті туризмді дамыту және Сыр өлкесінің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұйымдастырылып келеді. Аталған жоба аясында 31 тарихи-танымдық және 3 тарихи экспедиция жасалған. Нақты кезеңде облыста 4 жағажай, 12 демалыс орны және 13 туристік фирма жұмыс істейді.

– Бүгінгі күні 6 нысанды іске қосып, 120 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл өңіріміздің туристік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, «Қолөнер – асыл қазына» жобасы қолға алынды. Көрме 30 қыркүйекте өткізілмек. Мақсат – халқымыз қастерлеген ұлттық өнердің жас ұрпаққа үлгі боларлық тәрбиелік маңызын айқындау, – деді М.Тасқараев.

Ежелгі қалалар мен тарихи ескерткіштердің дені Сыр өлкесінде шоғырланған. 545 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Тағы бір айта кетерлігі, Сыр бойында экстремалды туризмді дамыту үшін Қарақұм және Қызылқұм сияқты шөлді аймақтар шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып келеді.

Брифингте облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Садықов тарихи нысандардың қазіргі жағдайы туралы айтты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қарқынды жүзеге асырылғаны мәлім. Сол арқылы «Қасиетті Қазақстан энцикло­педиясының» 3-томына облыстан 12 ескерткіш енді. Сондай-ақ, «Өңірлік қасиетті нысандар» жобасында 60 нысан бар. Облыс бойынша арнайы жобалар бекітіліп, онда 41 тарихи-мәдени мұра нысаны қамтылған. Олар Аралдан Жаңақорған ауданына дейінгі аумақты қамтып өтеді. Онда Аралдың кепкен табанындағы Арал­асар қалашығы, Кердері кесенесі, Жент, Жаркент, Сығанақ қалашықтары және басқа да ерекше кесенелер мен мұнаралар бар.

Ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп отыр. Атап айтсақ, Сығанақ, Жанкент қалашықтары қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стеллалар бой көтерді. Облыс көлемінде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мен насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табуда, – деді ол.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<