Туризмді дамыту мәселелері қаралды

4

0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды.

Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді.

Аймақ басшысы туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы меди­ци­налық көмек көрсету пункттерінің жұ­мысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұс­қау­лықтарымен қамтамасыз ету, санитар­лық талаптардың сақталуын қатаң бақылау, туристік аймақтарды байланыс арна­ларымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек.

Қауіпсіздік шараларын кеңінен наси­хаттау үшін телеарналарда, әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кү­шейту, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу қажет.

Жиында су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да сараланды. Өткен қыс-көктем айларын­да облыста ахуал тұрақты болды. 2024 жылы өңірде 27 нысанда қорғаныс бө­геті қалпына келтірілсе, өткен жылы 13 нысан жөнделді. Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіруді қажет ететін 12 нысан анықталған. Осыған байланысты «Құмсай», «Көлтоған», «Қыраш», «Манап» су қоймаларын жөндеу, «Жи­делі» су қоймасын қайта жаңғырту, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек-Шаған» көпірі тұсындағы қорғаныс нысандарын қалпына келтіру қажет.

Жауапты мамандарға «Ақшақыз» каналының су тоспасы мен қорғаныс бөгетін, «Қалғандария» учаскесіндегі су тоспасының қақпақтары мен бөгеттерін жөндеу, Сырдария өзенінің «Қорқыт Ата» учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жүктелді. Бұдан бөлек, «Келінтөбе» магистральді каналына су жеткізетін каналға су тоспасын салу, «Рисмаш» учаскесіндегі, «Болашақ» университеті маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Бүгінде облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қала және аудан әкімдеріне отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістік жобаларды орналастыру тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі