Соғыс жылдары тылда еңбек еткендердің еңбегі өлшеусіз. Бәрі қолынан келгенінше көмектесіп, жауды жеңуге үлес қосты. Кәрі-жас, ер-әйел демей еңбек етті. Астық егу, жинау, мал бағу мен мал санын көбейтуге ден қойды.
Жоғарыдан қандай үкім келсе де, артығымен орындауға кірісті. Жұртпен қолда барын бөлісіп, артығы болса майдан даласына жіберді.
Қиын-қыстау кезеңнің ауыртпалығын бір кісідей көтере білген тыл ардагері Махамбет Құлымбетовтің де еңбегі орасан болды. Ол 1902 жылы қазіргі Сырдария ауданының Аманкелді ауылында (бұрынғы Қайырсуат) дүниеге келген. Бала кезінен еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын кірпіш зауытында жұмысшы болудан бастаған ол Ташкент пен Қызылордада, кейін Жезқазғанның Қарсақбайында теміржолшы, Мақтаралда бригадир қызметтерін атқарды.
Кейін Мақтарал кеңесінің төрағасы болды. 1930-жылдары Алматы мен Мәскеудегі кеңестік қызметкерлер дайындайтын курстарда оқып, білікті маман ретінде қалыптасты.
1932 жылы 24 қыркүйекте Мәскеудегі Кремль сарайында Одақтық Орталық атқару комитетінде баяндама жасауы – мемлекет ісіндегі белсенділігін көрсетсе керек-ті. Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейінірек Шаян, Түлкібас, Арыс аудандарының атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен үлес қосты.
Орман шаруашылығы саласында да айтарлықтай еңбек сіңірді.
Түркістан орман-тоғай шаруашылығының директоры болып жүріп, Қаратау беткейі мен Қызылқұм өңіріне ағаш пен сексеуіл ектіріп, табиғатты қалпына келтіруге атсалысты.
Ол Одақтық Атқару комитетінің VI, СОКП-ның XV съездеріне делегат, Шымкент облыстық кеңесінің депутаты, Қазақстан үкіметінің мүшесі болды. Қоғамдық және мемлекеттік қызметтегі ерен еңбегі үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстанның 15 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
1963 жылы Ораңғай ауылдық кеңесінің төрағалығынан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң, Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылында Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, кейін 1972 жылы дүниеден өтті.
Махамбет Құлымбетов – бір дәуірдің шежіресін арқалаған, халқына аянбай қызмет еткен тыл ардагері. Оның есімі мен еңбегі – ел жадында мәңгі сақталмақ.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»