Ұ.Қараманов көшесі

650

0

Кеше облыс орталығындағы үлкен көшелердің біріне мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан дамуында ерекше орны бар тұлға, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-Министрі, жерлесіміз Ұзақбай Қарамановтың есімі берілді. Ұрпақ жадында мәңгі есте сақтау мақсатында қайраткердің жарқын бейнесін жаңғыртқан ескерткіш тақта да ілінген.

Игі шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұзақбай Қарамановтың әулеті мен қала тұрғындары, жастар қатысты. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов белгілі тұлғаның ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі мен өнегелі жолы барша жұртшылыққа дәріптеле беретінін айта келіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті қонақтар! Ұзақбай Қараманұлының отбасы, ағайын-туыстары және қадірлі жерлестер! Бүгін Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі, қабырғалы қайраткер, Сыр елінің тумасы Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған кешенді іс-шаралар өткізіледі. Халық құрметіне бөленген дара тұлғаны ұлықтауға арналған бұл іс-шараларға шынайы ниетпен арнайы ат басын бұрып келген ардақты ағаларымыз бен қадірлі қонақтарға Сыр жұрты атынан аса зор ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі іс-шаралардың алғашқысы – аға есімін ұлықтау, халық жадында қалдыру мақсатында Қызылорда қаласынан Ұзақбай Қарамановтың атына берілген көшенің салтанатты  ашылу рәсімі. Осы ретте жиналған барша қала халқын, қонақтарды, отбасы мүшелерін шын жүректен құттықтаймын. Айдынды Арал өңірінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткері тек туған жердің мүддесін емес, қалың қазақтың жоғын жоқтап, елге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете алды. Асыл ағаның есімін артында қалған ағайын, дос-жаран, елі ешқашан естен шығармайды. Бүгінгі көшенің ашылуы бәріңізге құтты болсын!» – делінген облыс басшысының құттықтау лебізінде.

Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар халықтың қадірлісіне айналған тұлғаның Арал тағдырына ерекше алаңдаушылық білдіріп, ондағы қасіретті жоғары мінберлерде айтқанын тереңнен толғады.

– Ұзақбай Қараманұлы екеуміз 30 жылдан астам ағалы-інілі болып араласыппыз. Ұзекеңнің ерекше бір мінездері әлі менің көкірегімде сайрап тұр. Ол Үкіметті басқарғанда Қазақстанның егемендікке енді қол жеткізген уақыты еді. Оны жаңа мемлекеттің іргетасын қалауда ерекше қолтаңбасы бар адам деп айрықша атауға болады. Қиын кезеңінде өзінің азамат екенін, тұлға екенін көрсетті. Екіншіден, Арал теңізінің Қазақстан ғана емес, әлем деңгейінде «Арал құрып бара жатыр, қазақ құрып бара жатыр» деген жанайқайымен депутат болып жүріп те, одан соң да  көтерді. Ел десе аянбай еңбек ететін біздің Ұзекең еді, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қайраткердің іні-досы Самұрат Имандосов сөз сөйлеп, естелік айтты. Сондай-ақ жиында әулеті мен туыстары атынан жары Ұлдай  Раметоллақызы өз лебізін білдіріп, төл перзентін еске алған Сыр жұртшылығына алғысын жеткізді.

– Құрметті жерлестер! Сыр елінің ардақты азаматтары! Мың да бір рахмет сіздерге. Елім деп, жерім деп еңбек еткен, адал қызмет істеген азаматқа үлкен құрмет көрсеткен туған халқына құрметім шексіз. Ұзекең екеуміз 58 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Таң кетіп, түн келетін жанға тік тұрып адал жар болып қызмет еттім. Ол халыққа адал еңбек етті, ел-жұртым деп өмір сүрді. Ол атсалысқан құрылыстың барлығы ел игілігіне жарап, Алматыда әлі тұр. Бағалап, үлкен көше мен мектептің атын беріп жатқан туған жұртына көп рахмет. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай! Ұрпаққа осындай өнегелі іс көрсеткен азаматтарға аналық алғысым мол, – деп ағынан жарылды қайраткердің жұбайы.

Осылайша Сыр елінің айтулы перзентіне арналған ескерткіш тақта ашылып, қонақтар мен қайраткердің отбасы, ұрпақтары естелік суретке түсті.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<