«Ұлағатқа» алғашқы шәкірттер келді

509

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қызылорда қаласында «Ұлағат білім ордасы» жеке мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аймақ басшысы ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

– Ең алдымен баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Пандемия салдарынан мектеп оқушылары өткен жылы қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алатын бола­ды. Балаларымыздың оқу үлгерімі мен білім сапасы үшін бұл оңтайлы шешім деп санаймыз. Аймақтағы эпиде­миологиялық ахуалды ескере отырып, оқушылар мен мұғалімдерді қорғаудың барлық кешенді шараларын қабылдадық. Өйткені, біз үшін әрбір баланың денсаулығы қашанда маңызды, – деді облыс әкімі.

450 орындық білім ұясында 21 оқу кабинеті, денешынықтыру, акт залдары, кітапхана бар. Оқушыларға 33 педагог сабақ береді.

Салтанатты шарада мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде жүзеге асқан «Ұлағат білім ордасының» құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков пен мектеп директоры Досбол Аймухамбетов құттықтау лебіздерін жеткізді.

«Келешек» ЖШС мектеп құрылысы «Сбербанк» АҚ арқылы қаржылан­дырылып, жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдік берілді. Сонымен қатар, несиенің пайыздық мөлшерлемесі 15-тен 6 процентке дейін жеңілдетілді.

Бүгінгі күні аймақта 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайыз орындалған.

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым. Облыс­та балабақшалардың 70 пайыздан астамы осы әріптестік негізінде жұмыс жасайды.

Аймақта демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қону белсенділігінің жоғары болуына байланысты, 1-сыныпқа қабылданатын оқушылар қатары көбейген. Биыл 18 мың бала мектеп табалдырығын аттады.

Еске сала кетейік, биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жос­парлануда. Жаңа оқу жылында Прези­дент тапсырмасымен іске асқан 300 орындық Арал ауданы Сексеуіл кен­тіндегі мектеп пен инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп құрылысы пайдалануға берілсе, қалған 3 мектеп жыл соңына дейін табысталатын болады. Мұнан бөлек, бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен Жалағаш ауданындағы 2 білім беру нысаны жаңарып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<