Ұлт тарихы – ұрпаққа сабақ

865

0

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз жандардың тағдырын тас-талқан етіп, білімді де дәулетті, озық ойлы, көш бастайтын кемел тұлғаларды «халық жауы» деген атқа таңды. Тарихымыздың осынау ащы сабағын жас ұрпақ жадына түйіп өскені ләзім. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын. Бүгінде комиссия құрамындағы зерттеуші-ғалымдар репрессия құрбандары туралы құжаттарды жан-жақты зерттеп, саяси баға беру бағытында  зор жауапкершілікпен еңбек етіп келеді.

Облыстық мемлекеттік архив ұжымы ұйымдастырған «Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар жаңғырығы» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» саяси қуғын-сүргін зардабының сол кездегі тұрғылықты халықтың саяси әлеуметтік және демографиялық жағдайына кері әсері жайлы кең ауқымды әңгіме қозғалды.

Облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева қордағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды зерделеу, айқындау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталса, архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің археографы А.Әлиасқарова «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты» тақырыбында баяндама жасады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман ХХ ғасырдағы кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты барысында жапа шеккен, ақталған және ақталмаған адамдардың тізімін жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бұл бағыттағы күрделі әрі терең жауапты  деректерді нақтылауда архив қызметкерлері мен ғылыми зиялы қауым арасындағы тығыз қарым-қатынастың қажеттігін айтты. Ғалымның айтуынша, әлі де болса сыры ашылмай жатқан құпия құжаттар жетерлік. Сондай-ақ, ату жазасы үкімінің орындалған жерлерін де нақты айқындау мүмкін болмай отыр.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас қазіргі уақыттағы комиссия жұмысының негізгі бағытын атап өтіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытындағы тұжырымдары ойын ортаға салды.

– Қазақ халқы қуғын-сүргін саясатынан көп зардап шекті. Социализмнің идеологиясын қабылдамағаны үшін білімді, дәулетті, ұлтжанды, ықпалды адамдардың барлығының көзін жойды. Егер осындай қолдан жасалған қастандық болмағанда, қазақ елі бұл уақытта кемелденген мемлекетке айналар еді, – деді Н.Мыңжас.

Облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы Л.Қосымова  жазаға тартылғандар туралы сыры ашылмаған тарихи құжаттарды және басқа да ақпараттарды қолжетімді ету мақсатында Ішкі істер министрлігінде маңызы бар «Мемориал» сервисі құрылғанын айтты. Онда қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған жылы, тұрғылықты жері, тұтқындалған уақыты, сотталғаны және ақталғаны жөніндегі мәліметтер жинақталған. Бұл орайда архивтік құжаттарды зерделей отырып, қажетті мәліметтер беріледі.

Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Жарылқасын Баттал жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың арасынан ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қоғамдық даму басқармасы «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Дәулет Омаров ашаршылық, ұжымдастыру, тәркілеу жылдарындағы қазақ елінің қилы тағдыры, күштеп жер аударылған халықтар туралы ой-пікірін бөлісіп, қайраткер тұлғалардың тағылымы мол істері бүгінгі жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше маңызға ие екенін айтты.

Іс-шара соңында қонақтар «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай архив қоры құжаттарынан дайындалған «Азалы жылдар қасіреті архив деректерінде» атты тарихи-құжаттық көрмемен танысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.  

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<