Ұлт ұстазының өмірі – елді сүюдің жарқын үлгісі

417

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары аясында алдымен Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Президентке жобаның төлқұжаты таныстырылып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланған зауыттың үлгісі көрсетілді. Зауыттың өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады.

Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады. «Astana motors»  компаниясы 2200-ге жуық жұмыс орнын ашады.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті.

Президент кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғанын айтты.

Мемлекет басшысы бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.

– Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты.

– Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет.

Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматының жол-көлік жүйесіне, экология мәселесіне, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажет екеніне тоқталды. Қаланың денсаулық сақтау саласының жайын, ерекше күтімді қажет ететін жандарға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қалыптастыру керек екенін айтты. Сондай-ақ қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқарма жүйесін цифрландыру мәселелеріне арнайы тоқталды. Алматы ғылым мен білімнің орталығы екенін атап өтіп, ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті.

– Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.  Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандарға кешіріммен қарау керек деген шешімге келгенін айтты. 

– Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай  азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесу соңында еліміздің дамуына ерен еңбегімен үлес қосып жүрген бірқатар алматылық азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды.

Президент алдымен музей залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған.

Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты.

– Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиындар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде  жарық көрді. 

– Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орнатылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаңғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрінде сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен,  зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұхаметовпен әңгімелесіп, суретке түсті.

***

Мемлекет басшысы Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесті.

Олардың сөзін зейін қойып тыңдағанын  атап өтіп, ұсынылған барлық маңызды ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<