Ұлтпен қатар жасайтын құндылық

3307

0

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық мәдениет және спорт басқармасы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен  С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарованың шығармашылығына арналған «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты  көрменің ашылу рәсімі өтті.

Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Сапар Көзейбаев қатысып, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының алғыс хатын табыстады.

– Айдана Әлайдарқызының ұлттық қолөнерді дамытуда еңбегі зор. Әр туындысының астарында еселі еңбек, терең ізденіс жатыр. Көрменің мақсаты – ұлттық қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету,  өнер иесінің шығармашылығын насихаттау. Автордың этностильдегі «Алшы асық» сән үлгісіндегі топтамалары мен бас киімдер, кәдесыйлар, паннолар қойылған. Көрме 10 қаңтарға дейін жалғасын табады, – деді Сапар Көзейбаев.

Қолөнерші Айдана Әлайдарқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Дизайн және технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі. Бірнеше оқу құралдарының авторы. Шәкірттерін қазақтың сәндік қолданбалы өнеріне баулып жүрген ұлағатты ұстаз. Халықаралық және республикалық көрме-байқаулардың қатысушысы.

Шара аясында «Дәстүрлі өнер және этнопедагогика» республикалық педагогикалық ғылыми-әдістемелік журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Көрмеге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және суретшілер мен қолөнер шеберлері қатысты.

– Қолөнер – қастерлі құндылық. Адам сол арқылы рухани қуат алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағады. «Өнер жемісі – өмірге азық» деген халық нақылы бар. Жас ұрпаққа қолөнер арқылы берілген тәлім-тәрбие – салт-дәстүрдің сарқылмас кеніші. Ұлттық құндылық – ұлтпен қатар жасайтын мұра. Оны насихаттау, келешекке жеткізу – біздің міндетіміз, – деді Қазақстан Қолөнершілер одағы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Жақыпов.

Кеш қорытындысында қатысушылар тарихи жәдігерлерді көрді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<