Ұлттық экономика министрі биылғы бюджет параметрлерін таныстырды

1099

0

Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлерді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат


«Макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланды. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5% пайыздан сәуір айының қорытындысы бойынша плюс 0,7% пайызға дейін жақсарды. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі осы жылы 4,3% және 6 % құрайды. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8% пайыздан 3,1% дейін жақсарды. Осылайша экономикалық өсім қалпына келу сатысында болады», – деді министр. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсу есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2% -ға дейін жақсарды.

«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға, яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізде сақталды. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 трлн 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қордан кепілдендірлген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды.

Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр», – деді Ә. Ерғалиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<