Ұлттық құндылықтар – ұлт болмысы 

49

0

Қазақ халқының тәлім-тәрбиесі ежелден-ақ келешек ұрпағына ананың сүтімен, тағылымды тәлімі арқылы берілген. Дүниеге шыр етіп келген әр перзентіне тал бесіктен бастап ұлттық тәрбиені санасына құйып өсірді. Ал бұл үрдіс қалай жүруде?

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты бағдарламалық мақаласында мейлінше өзекті мәселені көтерді.  Әділетті мемлекет құру кезеңіндегі Қазақстанның бүгінгі жағдайында бұл Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызы өзгеше. «Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз» деді. Қазіргі уақытта ауық-ауық қайталанып отырған саяси-экономикалық реформалар әр елдің ішкі жағдайына өзінің үлкен ықпалын тигізіп отыр. Әсіресе, еліміз тарихи дамудың жаңа серпінді сатысына көтерілген тұста, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруда, ұлттық дүниетанымда, ұлттық санада елеулі идеялардың жаңғыруының маңыздылығы ерек.

Жалпы қоғамдағы кез келген түбегейлі өзгеріс тек қоғамның ғана емес, сол қоғам мүшелерінің, адамның да өзгерісі, соның ішінде тұлғаның мəнін айқындайтын маңызды жақтарына өзгеше көзқарас қалыптастыруға бағытталады. Сондықтан тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей тәуелді. Өскелең ұрпақтың рухани жандүниесін білім нәрімен сусындатып, халқының ерте заманнан  жинақталған асыл мұрасымен байытып, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерін санасына сіңіру ұстаздар және жалпы қоғамның басты міндеті.

Айнара МАХАНБЕТОВА,

№199 орта  мектептің қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Қармақшы ауданы, Төребай би ауылы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<