Ұлы ағартушы мұраты

509

0

Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай  Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің ұстаздары мен оқушылары мерекелік шара өткізді. Оған облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысты.

Сала басшысы барша ұстаздарды құттықтап, №10 мектеп-лицейдің ұжымына қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық ұйымының атынан құрал-жабдық сыйға тартты.

− Біздің өңірде 3 білім беру ұйымы Алтынсарин атымен аталады. Отыз алты мұғалім − «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі» иегері. Облыс ұстаздарының қатысуымен өткен тағылымды шара ұлт ұстазына деген зор құрметтің белгісі. Алтынсарин шығармаларын насихаттау мерейтойлық жылмен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды қолға аламыз, − деді Ақзира Бақтыбайқызы. 

Еліміз бойынша атап өтілген ағартушының мерейтойы біздің өңірде 10 күндік тағылымды шаралармен толықты. Алтынсарин мектептері желісінің қатысуымен тоғызқұмалақтан сайыс өтті. Сонымен қатар, қылқалам шеберлері мен жас ақындардардың, жас мұғалімдер арасында мүшәйра мен пікір-сайыс, сахналық қойылым, мәнерлеп оқу, ғылыми жобалар сайыстары және волейболдан турнир ұйымдастырылды. 

Салтанатты шара соңында жарты ғасырдан астам тарихы бар Ы.Алтынсарин атындағы №10 білім ордасының ұжымы облыс өнерпаздарымен бірге концерттік бағдарлама ұсынды. «Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды», «Кел балалар, оқылық!» деп қазақ балаларын білім бұлағына бастаған тұңғыш ағартушы-педагогтің мұрасы жас ұрпақтың кәдесіне жарай бермек.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз