Ұлы тұлға есімін биік көтерген ұстаздар

1270

0

Әлемге әйгілі жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, абайтану ғылымының негізін салушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде атап өтілген Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы еліміздің барлық өңірлерінде тойланып жатыр.

 Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылындағы М.Әуезов атындағы №251 орта мектеп биылғы оқу жылын Әуезов әлеміне арнады. Жақында осы мектепте жазушының мерейтойына орай «Дәуірдің дара тұлғасы» деп аталатын мерекелік апталық өтті.

Сынып сағаттарынан басталған шара аудан мектептері арасында футбол турнирімен жалғасты. Тартысты ойында Абай атындағы №50 Балаби ауылының мектебі 1-орын сыйлығын олжалады. 2-орынды бәйгеқұмдықтардың өздері иеленді, 3-орынды №152  «Жөлек»  мектебі жеңіп алды.

Мұнан соң жас мұғалімдер арасындағы мүшәйра өткізілді. Талапкерлер қазақтың даңқты қаламгері жайлы өлең тілінде тұшымды ой айта алатын қабілеттерін байқатты. Сөз сынында 1-орынға №50 мектеп мұғалімі Н.Молдабаева, 2-орынға №251 мектеп мұғалімі Г.Мырзаханқызы, 3-орынға №150 мектеп мұғалімі Д.Мұсаев лайық деп табылды.

Мерекенің мәнін ашқан шараның бірі мұғалімдер ойнап шыққан М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» қойылымы болды. Талантты тәлімгерлер шығарманың шынайылығын ашып, кейіпкерлер бейнесін сомдай білді.

Іс-шара «Тұлғаңызға бір қарасын жер беті, рақмет сізге, дана халық перзенті» атты бағдарламамен қорытындыланды. Қорытынды кешті мектеп директоры Нұрлан Батырбеков ашып, Әуезов әлемімен біте қайнасқан оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Өткен оқу жылында мектептен үш «Алтын белгі» иесінің шығуын түлектердің биылғы мерейтойға тартуы деп атады. Расында, жазушы атын иеленген бұл мектептің оқу ісіндегі табыстары айтарлықтай. 

Ал құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ұлы тұлғаның мерейтойын лайықты атап өтуді ұйымдастырған мектеп ұжымына ризашылық білдірді. Сонымен бірге, ауылдық округ әкімі Д.Әбжаппаров, білім саласының ардагері Н.Палымбет, мәдениет саласының үздігі И.Байкенжеев, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Н.Елтай, мектеп түлегі, теолог Бақтияр Оспанов, басқа да кісілер көпшілікті заңғар жазушының мерейтойымен құттықтады.

Айтыс ақындары Р.Жолтаев пен Т.Күзенбаев тақырыпқа сай арнау жырларын орындады. «Аналар» ансамблі өнер көрсетті. Мектеп өнерпаздары композитор Т.Нағашыбаев пен ақын Д.Аяшұлының шығармасы «Ерлік үні» хорын орындады.

Шараны мектеп директоры Н.Батырбеков қорытып, ұстаздар ұжымының алдағы кезеңде де қазақ халқының дара перзенті М.Әуезовтің атын ұлықтай беретінін айтып, қонақтарға алғыс білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<