Ұрпақ тәрбиесі тым қымбат болып барады

748

0

Өткен сенбіде облыста алғаш рет «Ата-ана-ұстаз-оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты аймақтық ата-аналар форумы өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысты. Басқосуды «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен облыс әкімдігі ұйымдастырды. Пленарлық отырысты аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Рақымбек Жолаев жүргізді.

Форум баланың кемел адам болып қалыптасуында ата-ананың рөлін айқындау,  педагог статусы мен мұғалімнің әлеуметтік жағдайының жақсаруына үн қосу мақсатын көздейді. Б.Шәменова басқосудың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек баланың мамандық таңдау сәтінде өзі шешім қабылдауы қиын екенін айтты. «Жаңа мамандықтар атласы» жобасына тоқталды.

−Баланың бүкіл өміріне әсер ететін қадам – мамандық таңдау. Біздің балалар мамандықты 11-сыныпта тест тапсырар кезде таңдайды немесе қай пән бойынша жоғары бал алса сол мамандыққа барып тапсырады. «Бәрі мұғалім болуда» деп баласы қаламаса да, мұғалімдікке жіберетін ата-аналар бар. Оқу орындарының қабылдау комиссиялары да «Пәлен деген қалада, мына мамандыққа орын бар» десе, баланы сонда оқуға жібере саламыз. Жетінші сыныптан қай пәнге бейімі барын анықтап, соған сай мамандық таңдауына ықпал ететін уақыт жетті, − деп пікір білдірді.

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов форумның мақсатын айқындайтын орынды пікірлерді ортаға салды.

− Баланың болашағын қамтамасыз еттім деп, оған мол дүние-мүлікті мұра ғып қалдырған адамды емес, еңбекқорлықты бойына сіңіре білген жанды айтса керек. Қазір баланың ең жақын «досы» интернет  адамды өзінің иіріміне тартып алар күшке айналды. Интернетті дұрыс пайдалансақ жетеміз, бұрыс пайдалансақ өшеміз. Ұрпағымыз интернеттегі біреудің арманымен емес, өзінің өмірлік арманымен өсуі тиіс. Игромания зомбиіне айналған қаншама жастарымыз ортамызда жүр. Тапқан-таянғанын ойынға тігіп, арты ұрлыққа барғандар, отбасынан ажырағандар да қаншама?! Балалардың қимыл-әрекеті азайып, жатып алып желіге телміру де денсаулыққа кері әсер етуде. Баланың денсаулығына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Келешекке сенімді болар   ұрпақ тәрбиелеу −  үлкен төзіммен  келетін құбылыс. Қазір баланың өзінен тәрбиесі қымбат бола түсуде, –  деді Наурызбай Сейтқалиұлы.

Ғаламның екінші ұстазы, ұлы философ әл Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген.  Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова да ортақ мәселе төңірегінде ойын ашық айтты.

− Жауапкершілікті тек қана мұғалімнен талап ету орынсыз, мөлшерлі уақыт сабақ беру кезінде тәрбие әдістемелері бала санасын барынша сәулелендіргенімен, ата-ана мейрімі мен ықыласынсыз ол нәрсіз! Баланың бұрмаланған ой-өрісінен, негізсіз талаптарға икемделіп өсуінен, тым кінәмшіл болып қалыптасуынан мектеп пен мұғалім ғана емес, тұтас қоғам зардап шегуі мүмкін. Осы жауапкершіліктің салмағын ата-аналар толық сезінуі керек деп ойлаймын. Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың «Тәрбиедегі мақсат − баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» дегені ата-аналар алдындағы үлкен жауапкершілікті білдіреді, − деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, отбасы, ата-анамен мектептің арасындағы байланыс, бірлікті нығайту өте маңызды екенін айтып, үшжақты бірлік және ынтымақтастық үйлесім тапса деген ойын жеткізді. Білім саласында атқарылып жатқан жобаларға тоқталды. Әйтсе де, «ауруын жасырған өледі» дегендей, бұл жолы балаларға қатысты оқиғалар бойынша сандарды да сөйлетті.

− Күн тәртібіндегі ең ауқымды әрі ең күрделі тағы бір мәселе – салғырттық. Қазіргі таңда осы салғырттық салдарынан ата-ана қарауынсыз жүрген балалар саны көбейіп отыр. Мысалы, 2021 жылғы 12 айда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына ата-ана қадағалауынсыз жүрген 321 бала түскен.  Ағымдағы жылғы 2 айда  қаңғыбас болып тіркелген 35 баланың ата-аналарымен  түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Статистикаға жүгінсек,  кейінгі екі жылда кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсау  27%-ке өскен. Олардың себебін анықтау барысында 33%-і отбасындағы жанжалдан болса, 16%-і  заңды өкілімен (ата-аналарымен) бірге тұрмайтындығы себеп болды. Соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс Қызылорда облысында өсім алған. Оның ішінде бала зорлау фактілері де  алаңдатуда. Ең ауыры − өлім жағдайы. Өткен жылы 40 оқиға тіркелді. Оның 4-і өрт салдарынан, 21-і суға кету фактісінен, 3-і сәтсіздік жағдаяттарынан, 12-сі жол-көлік апаттарынан. Қайғылы оқиғалардың барлығы дерлік сабақ уақытынан тыс кезеңдерде орын алған. Мұндай жағдайлардың алдын алуда мектептен де бұрын бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ана жауапты,  − деді Ақзира Қасымова.

Пленарлық отырыста ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Дамир Жүнісов,  «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов та ойларын ортаға салды.

Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің  ректоры  Бейбіткүл  Кәрімова мен  «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық қорының төрағасы Рақымбек Жолаев екіжақты меморандумға отырып, тәрбие бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Форум жұмысы одан әрі спикерлердің қатысуымен семинар-тренингтерге ұласты. Бала тәрбиесіндегі эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлы «Бақытты бала химиясы» тақырыбында, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының директоры Ақбаян Жакипова «Буллинг жəне кибербуллингті болдырмауда ата-ананың рөлі» туралы, ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Рабиға Игенбаева «Еркін тəрбие: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Еліміздің барлық облыстарынан ата-аналар «Zoom» платформасы арқылы қатысты. Іс-шара соңында сарапшы мамандар ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс орнады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<