Ұшақ апаты: Зардап шеккендердің жағдайы ауыр

243

0

Әуе апатында жарақат алған ҰҚК қызметкерлерінің жағдайы әлі ауыр. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі науқас №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы орташа ауыр, екінші науқас – әскери қызметкердің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Комбустиологтар күйік ауруларын емдеп жатыр. Дәрігерлер пациенттердің бірін аутодермопластикаға (өз терісінің сау бөлігін терең жарақат орнына трансплантациялауға) дайындап жатыр, бірінші кезең сәтті өтті», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Кейіннен Алматы дәрігерлері ұшақ апатынан жапа шеккен екі адамның денсаулығы қалай екенін айтты. Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын . Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқандығын мәлім етті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз