Ұстаз жүрегі жырлайды

994

0

Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Абай ауылдық №5 кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұстаз жүрегі жырлайды» атты жергілікті ақын, ардагер-ұстаз Марал Оспанованың шығармашылық кеші өтті. Жыр кешіне республикаға белгілі ақын-сазгер, білім саласының ардагері Ділдахан Торғаева және қалалық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бәйімбетов бастаған ардагер-ұстаздар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – ауыл жастарының кітап оқуға деген ынтасын арттырып, ауылдағы өнегелі жандардың өмір жолын бүгінгі ұрпаққа  үлгі ету.

Жыр кешінде кітапхана меңгерушісі Күләйша Сынасапова жергілікті ақын, ардагер-ұстаз Марал Оспанованың өмір жолын қысқаша баяндады.

– Расында біздің Сыр өңірі шашасына шаң жұқтырмас ақын-жазушыларға өте бай. Ол дегеніміз жастарға рухани азық. Қала іргесіндегі Абай ауылынан шыққан арынды, адуынды, қазақтың арқалы ақыны Иранбек Оразбаев, Сырдың сырлы ақыны әрі сазгер Ділдахан Торғаева бүгінгі алдаспан жырдың жүйріктері. Бір жағынан осы ауылының талантты түлектері екендігін жас ұрпақ білгені абзал, – деді.

Ардагер-ұстаз Марал Оспанова Абай ауылындағы №138 Абай атындағы орта мектепте 40 жылға жуық шәкірттерге білім бере жүріп, ақындықты қатар өрбіткен жан. Ол 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған меретойда Ұлы ақынға арнап мұражай ашып, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Өз жырларында туған жер келбеті мен сұлу табиғатты кеңінен арқау еткен. Жүректі тербетер сезім жырлары мен шымыр өлеңдері тыңдармандарын баурай түседі.

Осы кеште мектеп оқушылары ақын жырларын оқып, өлең сөздеріне жазылған бірнеше әндерін ұстаздар мен шәкірттері тамылжыта шырқады. Әсіресе, ақынның сөзіне жазылған «Абай ауылым» әні ерекше толқыныспен орындалды.

Іс-шара соңында елге белгілі ақын Ділдахан Торғаева кеш иесі Марал Оспановаға шығармашылық табыс тілеп, өзінің жақында шыққан «Өлеңмен өрдім өмірімді» атты жыр кітабын тарту етті. Мұнан соң Абай ауылдық мәдениет үйінің директоры Әйгерім Исабекова сөз алып, кеш қатысушыларына алғыс білдірді. Сырға толы жыр кеші көрерменге  ерекше көңіл-күй сыйлады.

Аружан ЕРАЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<