Вакцина алғандарға – eGov mobile паспорты

1103

0

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласында жұмыс нақты цифрға негізделгендіктен, қырандай қырағы, сауысқандай сақ болудың маңызы зор. Оған қоса заман талабына сай сапаны арттыру күн тәртібінде. Сондықтан болар, «Азаматтарға арналған үкіметті» жұртшылық жаңашылдықтың жаршысы деп біледі. Соның ішінде мемлекеттік корпорацияның Қызылорда облысы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша Қызылорда қалалық №1 бөлімі жүйелі істі жалғастырып келеді. Бөлім бұған дейін қала тұрғындарына 187 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Бөлім басшысы Алтынбай Мимановтың айтуынша, ХҚО-ның өз-өзіне қызмет көрсету секторлары «Connection Point» арқылы 118 397 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетіп, 25360 мың азаматтың электронды цифрлық қолтаңба алуына мүмкіндік жасаған.

– Бүгінгі күні мемлекеттік тізілімге енгізілген 687 мемлекеттік қызметтің 659-ы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі, ал электронды үкімет порталы арқылы 629 қызметті алуға болады. Кез келген адамның электронды қызметтерді үйде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алуына мүмкіндік бар, – дейді Алтынбай Қойшыбайұлы.

Қазір ғаламтордың ғаламатын пайдаланып, қажетті көмекті керек түймені басып алуға болатыны баршаға мәлім. Цифрландырудың игілігін көріп отырған жұртшылыққа енді Egov.kz порталында кезекті қайта брондаудың жаңа функциясы да қолжетімді екен. Егер азамат алдын ала көрсеткен кезегі бойынша қандайда себептермен ХҚО-ға бара алмаса, уақытты қайта белгілей алады. Бір адамның бірнеше уақыт аралығын бірден брондау мүмкіндігі де шектеліп отыр. 10 күнде бір рет қана кезекке жазылуға болады. Бұл ретте ХҚО мен автоХҚО-ға жасалған брон бөлек-бөлек есептелмейді, яғни қызмет алушы 10 күн ішінде ХҚО-ға да, мамандандырылған ХҚО-ға да кезекті онлайн қоя алады. Оған eGov mobile қосымшасы, телеграм желісі және Egov.kz арқылы қол жеткізуге жағдай жасалған.

Сондай-ақ, қалалық №1 бөлім басшысының орынбасары Ақәділ Аппазов EGov Mobile қосымшасының «цифрлық құжаттар» бөлімінде вакцинациялаудың электрондық паспорты қолжетімді екенін де айтты. Онда ақпарат үш тілде көрсетіледі, адам қандай препарат алды, қандай дозаны қай күнде қолданғалы тұр, осының барлығы қамтылған. Сіз құжатты талап еткен жерде көрсете аласыз және QR кодын қолдана отырып, қажетке жаратасыз. Ақпарат ретінде айта кетейік, EGov Mobile-да вакцинация паспортын тексерген кезде жоғары оң жақтағы «Жаңарту» батырмасын басқан кезде, цифрлық құжаттағы паспорт екінші «дозаны» алғаннан кейін ғана көрсетіледі. Бұл – азаматтардың шоғырлауын болдырмау және вирустың таралу қаупін азайтуға бағытталған шара.

М.СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<