Вакцина қалай сақталады?

550

0

Коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстарының басталғанына бір айға жуықтады. Індетті тоқтатудың бірден бір жолы – вакцина. Десек те вакцинаның емханаға жеткізілуі, сақталуы турасында тұрғындар арасында түрлі пікір бар. Сондықтан облыстық орталықтандырылған вакцина сақтау қоймасына арнайы бардық.

 №6 қалалық емхананың аумағында орналасқан қоймада тек коронавирусқа қарсы ғана емес, басқа да вакциналар сақталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов екпе егу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.

-Вакцина -20 градуста сақталатындығымен ерекшеленеді. Ал оны жеткізу жұмысын «СК-Фармация» жүзеге асырады. Алдымен әуе тасымалы арқылы Шымкент қаласындағы қоймаға жеткізіліп, арнайы авторефрижератордың көмегімен Қызылорда қаласындағы облыстық орталықтандырылған қоймаға әкелінеді. Арнайы дайындалған 12 мұздатқыш бар. Олар – медицинада пайдалануға болатын, валидациядан өткен құрылғылар. Температуралық режим міндетті түрде бақыланып тұрады. Жалпы егу жұмысы №1, №3, №6 емхана бөлімшелерінде жүргізілуде. Аймақ бойынша 14 вакциналау орталығын дайындап отырмыз. Оның үшеуі жұмысқа қосылған. Екінші кезеңнің вакцинасы 26 ақпанда жеткізіледі деп жоспарлануда. Межеленген уақытта келсе, 1 наурыздан бастап 14 егу бөлімі жұмысқа қосылатын болады, – деді ол.

Вакцинаны қалалық емханаларға тасымалдау үшін арнайы термоконтейнерлер сатып алынған. Контейнерлер ішінде хладоэлемент деп аталатын, температураны -20 градуста ұстайтын құрғақ мұздар бар. Мұндағы термонтейнерлер осы температураны 6-8 сағатқа дейін ұстап тұра алады.

– Аудан орталықтарына вакцинаны температураны қадағалайтын құрылғылары бар авторефрижератордың көмегімен жеткізуді көздеп отырмыз. Онда да мұздатқыштар бар. Оған қоса облыстық әкімдік резервінен 43 млн теңге ақша бөлініп, бүгінде 24 млн теңгеге қосымша 23 мұздатқыш, 46 термоконтейнер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Кконкурстық рәсімдер өткізілді. Құрылғылар 26 ақпанда жеткізіледі деп жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.

Ал, облыстық санитриялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова облыстық орталықтандырылған вакцина қоймасында 3 тоңазытқыш камера барын атап өтті. Олардың өзінде темпеартураны бақылайтын термометрлер бар. Жауапты маман заң талаптарына сәйкес екі мезгіл температураны бақылап отырады. Айта кету керек, тоңазытқыштардың барлығы автоматтандарылған түрде генераторға қосылған. Жарық сөніп қалған жағдайда да жұмысын жалғастыра береді.

Айта кету керек, елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы басталды. Аймаққа Ресейде өндірілген Спутник-V вакцинасының 1000 дозасы жеткізіліп, 939 медицина қызметкеріне, қалғаны жергілікті тұрғындарға егілді. Вакциналаудың 1 кезеңі 1-17 ақпан күндері жүргізілді. Ал екінші кезең жүргізілу үшін арада 21 күн өтуі қажет. Сондықтан 22 ақпаннан бастап екінші кезең жұмыстары басталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<