Вьетнам сапары: Дәстүрлі достық пен көпжақты ынтымақтастық

444

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары Ба Динь алаңында орналасқан ұлт қаһармандары монументіне және Хо Ши Миннің мавзолейіне гүл шоғын қоюдан басталды.

1945 жылы 2 қыркүйекте Хо Ши Мин осы алаңда Вьетнамның тәуелсіздігін жариялады. Президент Вьетнамның бостандығы үшін күресте қаза тапқан батырлардың және осы елдің ұлт көшбасшысы Хо Ши Миннің рухына тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясы қатысты.

***

Ханой қаласына ресми сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді.

Келіссөздер алдында Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Екі ел басшыларына Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қазақстан мен Вьетнамның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Содан кейін Қазақстан мен Вьетнам президенттері келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті.

– Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін, оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асқанына, биылғы алты айдың өзінде 600 миллион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

– Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз, – деді Вьетнам Президенті.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары аясында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті.

Кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз  ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды.

***

Президент Petrovietnam мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесті.

Кездесу барысында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы мұнай мен газ өңдеу және геологиялық барлау салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Президент Во Ванг Тхыонгпен нәтижелі келіссөз жүргізгенін және оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Вьетнамды Оңтүстік Шығыс Азиядағы ең басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Президент Ханойға жасаған сапарының нәтижесін жоғары бағалады.

***

Мемлекет басшысы Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен әңгімелесу барысында Қазақстан екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<