Волонтерлар штабы құрылды

640

0

Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан жақсылық жасауға жаны құмар жандарды бір арнаға тоғыстыратын волонтерлар штабы құрылды. Оның құрамында қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен студенттер бар.

Жұдырықтай жұмылған сырбойылық волонтерлар биыл құқықтық, эковолонтерлық, қайырымдылық бағыттары бойынша жүйелі жұмыстарды қолға алмақ. Сондай-ақ, мүгедек жандарға қамқорлық, әскери-патриоттық тәрбие, тегін оқу курстарын ұйымдастыру секілді тың жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар.

Облыстық жастар ресурстық орталығында штабтың ашылу салтанаты мен алғашқы отырысы өтті. Оған облысымыздың белсенді жастары, волонтерлық ұйым жетекшілері, қоғам белсенділері қатысып, ұйымның мақсат-міндеттерімен танысып, алдағы жоспарларын айқындады.

Жиында «Облыстық Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Асқар Құрмаш сөз сөйлеп, штаб қазірдің өзінде мыңға жуық еріктілерді біріктіріп отырғанын атап өтті.

– Бүгінде облысымызда белсенді түрде жұмыс жасайтын волонтерлық ұйымдар жеткілікті. Олардың міндеті мен бағыттары әртүрлі. Еріктілер ұйымдарының басын біріктіріп, жұмыс бағытын бір арнаға тоғыстыру бағытында волонтерлық штаб құрылып отыр. Бұл – белсенді жастардың биылғы алғашқы басқосуы. Өңірде 50-ге жуық ұйым волонтерлық бағытта жұмыс жасайды. Алдағы уақытта осы ұйымдардың барлығын біріктіріп, облыстың барлық аудандарында штабтың бөлімшелерін ашу жоспарда бар, – деді орталық директоры.

Жиын барысында облыстық еріктілер штабы жасақталып, құрамы бекітілді, жетекшісі сайланды. Штаб мүшелерінің ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, арнайы жасақталған офис ашылып, штаб мүшелеріне таныстырылды.

Айта кетейік, алдағы уақытта «Сыр жастары» облыстық волонтерлық штабына өңірдегі 10 мыңға жуық еріктіні шоғырландыру жоспарланған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<