Уақыт белдеуі: өзгеріс және жаңару

353

0

сурет ашық дереккөзден

Ертең  еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне ауысады. Қазір екі уақыт белдеуі (UTC+5 және UTC+6) бар. (UTC+4+1) Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары 4-сағаттық белдеумен есептеліп жүрсе, Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-сағаттық белдеуімен (UTC+5+1)  санап жүр. Уақыт белдеуінің ауысуы түрлі өзгерістер тудырады. Осы ретте Цифрлық даму министрлігі бірқатар шара қабылдады.

Мәселен, ұялы байланыс операторлары өз абоненттеріне қысқа мәтіндік хабарламалар таратса, 29 ақпаннан бастап 1 наурызға дейін egov.kz порталы, оның ішінде egov mobile мобильді қосымшасы, «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі, «Техникалық бақылау» бірыңғай ақпараттық жүйесі, «e-Otinish» электрондық өтініштер қызметі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сүйемелдейтін басқа да ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік деректер базалары уақытша жұмыс істемейді.

Жаңа уақыт белдеуі негізінде әуе рейстері мен пойыздардың кестесінде өзгеріс болады. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің авиациялық әкімшілігінің жедел штабы базасында жедел желі жұмыс істейді.  Сондай-ақ Ұлттық электр желісі операторы «KEGOC» АҚ Қазақстанда біртұтас уақыт белдеуіне көшу таңертең және кешке электр энергиясын тұтынудың шамалы өсуіне әкелетінін мәлімдеді. Дегенмен компания жүйе жүктемені көтереді және электр қуатының үзілуіне байланысты тәуекелдер жоқ деп сендірді. «KEGOC» АҚ төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, азаматтар тұтыну тарифтерін бағаны өсірмей төлей береді.

Жалпы Қазақстан ғалымдары еліміздің көп бөлігінің тұрғындары өздерінің табиғи уақыт белдеуінде тұрмайтынына бірнеше рет алаңдаушылық білдірген. Мамандар мұның денсаулыққа кері әсер ететіндігін айтып талай мәрте дабыл қақты.  Адам ұйқысы қанбаса, үнемі шаршап жүрсе бұл қауіпті дертке әкелуі мүмкін.

−   Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары табиғи уақытынан озып кеткен. Бұл қолайсыздық тудырады және когнитивті функцияға ғана емес, адамдардың денсаулығына да әсер етеді. Себебі адам, күндізгі тіршілік иесі ретінде, күннің шығуымен оянуы керек. Ал бұл жақта олай емес, – деді хронобиология маманы Болат Нұрқожаев.

Айта кетейік, соңғы жүз жылда сағат 12 рет ауыстырылса, бірыңғай уақыт белдеуіне еліміз тәуелсіздік тарихында бірінші рет көшетін болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<