Үйлену оңай – үй болу қиын

83

0

Отбасы құндылығын, адамның қадір-қасиетін бағалай алмай, бір адамды бақытты етуге ұмтылмай, өмірдің қиындығына төзе алмай, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге бейім тұратындарына кім себепкер? «Үйлену оңай – үй болу қиын» деген мақал мағынасы тереңде.
«Адам аласы ішінде»  дегендей, Кеңес заманының өктем тәрбиесі мен тұрмыс сапасын басты орынға қоятын қатаң тәртібі кейбір аға буынның да бойынан кете бастағандай ма?! Себебі, сот залдарынан Пайғамбар жасына жақындаған немесе аға буын өкілдерін, апаларымыз бен ағаларымызды да жиі кездестіретін болдық. Сотқа түскен бір әкімшілік істің артында қаншама ағайын-туыстың, балаларының тағдыры бар емес па?! Ерлі-зайыптылар өзара ымыраластықпен шешуге болатын мұндай дауларды көпшілік назарына шығарып, үлкен ортада талқылау қаншалықты дұрыс?! Ата-анасының мұндай әрекеті арадағы баланы тәрбиесі мен психологиясына қалай әсер етпеске. Отбасында бір-бірімен ашуға басып, ұрысып, дауласып жүргендер қаншама.
Қазіргі отбасы даулары, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік жауаптылықтар қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 10-тарауымен Жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына 73-бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, ол – құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, – ескерту жасауға не үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін –  он тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
     2018 жылдың осы кезеңдегі көрсеткіші бойынша ӘҚБтК-нің 73-бабымен 92 әкімшілік іс келіп түскен. Олардың ішінде: 50 іс сот талқылауында бітімгершілікке келіп, іске қатысушылардың татуласуы негізінде тоқтатылса, 35 адамға ескерту жазасы қолданылып, 7 іс құқық бұзушылық құрамы болмауынан сот өндірісінен тоқтатылған.
Осы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, яғни 2017 жылы мамандандырылған әкімшілік сотына 158 іс келіп түскен болса, оның 69 ісі қатысушылардың бітімгершілікке келіп, сотта татуласуына байланысты іс сот өндірісінен тоқтатылған болса, 77 адамға ескерту жазасы, 12 адамға әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған. Жыл санап сотқа арызданушылардың бірте-бірте жақын туыстарымен, отбасы мүшелерімен бір ымыраға келіп, жақын туыс адамдар ашуларын сотқа келгенге дейін басып, сотқа келген кездерінде бір-бірімен татуласып келгендерін немесе сот талқылауында бір-бірімен бітімгершілікке келгендерін жеткізу жағдайлары көбею үстінде.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының  басым бағыттарының бірі – «Отбасылық сот», «Татуласу: сотқа дейін, сотта»  жобалары аясында сотқа дейін немесе сотта іске қатысушылардың бір-бірімен татуласуын жүзеге асыру үшін сот жүйесі тарапынан сан алуан іс-шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін татуласу орталықтары құрылуда.
Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, сотта қаралатын бір істі мысал ретінде айта кетуге болады.
Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға Р.К. кешкі бір уақытта Қызылорда қаласындағы өзінің үйінде әйелі П.К.-ға қарсы былапыт сөйлеп, отбасы жанжалын жасап, мүліктерді қиратып, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық білдірген әрекетімен ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасаған.
Сотта өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға Р.К. кінәсын толық мойындап, отбасы жанжалын жасап, әйелі П.К.-ға қарсы былапыт сөйлеп, оған қарсы ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып, алкоголь ішімдігін ішкен күйде отбасында бір-біріне сыйламаушылық білдіретін әрекеттер жасағанына шын жүректен өкінетінін білдіріп, жасаған іс-әрекетіне кешірім сұрағанын, сөйтіп бір-бірімен татуласқандарын айтып көрсетті.
Сотта жәбірленуші П.К. болған оқиғаны растап көрсетіп, күйеуі Р.К.-пен татуласып, бітімгершілікке келгендерін, оны кешіретінін білдіріп көрсетті.
Сот іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді. Сот өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға Р.К.-тың әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп есептеді. Себебі ол үйдің отағасы болып, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға, оның ішінде әйеліне сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеп, әкімшілік құқық бұзушылық іс-әрекет жасаған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiсінің 14-бабының 1-тармағына сәйкес әрбір адам сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы.
ҚР ӘҚБтК-нің 64-бабында ӘҚБтК-нің 73-бапта көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалатындығы және ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейiн тоқтатылуға жататындығы қарастырылған.
Осыған орай, сот ӘҚБтК-нің 64-бабының талаптарына сай, жәбірленуші азаматша П.К.-ның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласуына байланысты азамат Р.К.-қа қатысты ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс тоқтатып, отбасының отағасы Р.К. әкімшілік жауаптылықтан босатты.
Бұл айтылған мысал отбасының отағасыларын немесе отбасында бірге тұратын ағайын-туыстарды ойландырып, олардың отбасының мүшелеріне, ағайын-туыстарына қарсы бұзақылық жасауға итермелейтін әрекеттерден аулақ болуына ықпал етіп, отбасының тұтастығын,  тыныштығын сақтауға, құқық бұзушылықтар жасамауға себеп болары сөзсіз.
М.Ибрашев  –
Қызылорда қаласының мамандандырылған
әкімшілік сотының төрағасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз