Ырысты, күрішті  Қызылорда

811

0

Биыл Қызылорда қаласы күнін мерекелеудің мәні ерекше. Түрлі форматтағы іс-шаралар бір ай бойы өткізіледі.

Сенбіде «Сыр ана» монументі алаңында 10 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этнобағыттағы іс-шара өтті. Табиғат та қарасқандай, күн шуағын молынан төгіп, жанға жайлы болды. Ерекше безендірілген монумент маңы мерекелік көңіл күй сыйласа, әуелеген  ән-жыр шаттыққа бөлегендей. Ал, бұл айтулы мерекелік думанның «Сыр ана» монументінде ұйымдастырылуы жақсылық пен молшылыққа үндейтін мәні бар екенін де атап өткен абзал.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, қала әкімі Асылбек Шәменов және зиялы қауым өкілдері  қатысқан іс-шарада «Абай-Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен  40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысқа түсті.

Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар екеніне тоқталды.

– Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. Бүгін, міне, өздеріңізбен бірге аймақтағы «Сыр Ана» монументі алаңында есте қалар ерекше  шарада бас қосып тұрмыз. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді Н.Нәлібаев.

Күріштің ордалы отаны – Сыр елі ақмаржан өндіруден алдыңғы шепте тұрады. Биыл аймақтағы су тапшылығына қарамастан, өнім көлемі қысқартылған жоқ. Егін шаруашылығын әртараптандыруға байланысты, Украина ғалымдарымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын өңірде тәжірибе ретінде егуді қолға алу көзделуде.

Кейінгі жылдары Қызылорда қаласының аумағы кеңейіп, архитектуралық кескін-келбеті жаңарып, демографиялық өсім нәтижесінде жаңа ықшам аудандар бой көтеріп келеді. Биылдың өзінде облыс орталығында бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі жаңа нысандар салу қолға алынды. Облыс әкімі бас шаһарда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

–    Аз уақыттың ішінде өңірге 20 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл – үлкен мүмкіндік көзі. Сүйікті қаламыздың өркендеуіне тілектес, шынайы жанашыр, меценат азаматтарымыз ортақ іске бірігіп, әлеуметтік нысандар салу ісіне демеушілік танытып келеді. Таяуда ғана ел ағаларымен бірге жаңа неке сарайы, өнер орталығы, сол жағалаудың бойынан қан орталығының құрылысын бастадық. Келер жылы 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысын саламыз. Мұнан бөлек, қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 Мегаватты құрайтын бу-газ орталығы құрылысының капсуласын салу рәсімін өткіздік. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге, «Акса Энерджи» түрік компаниясы іске асырады. Ерекше айтуға тиіспіз, жаңа жылу-электр станциясын салу туралы шешімге келу тәуелсіздік алған жылдары инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды теңдессіз жоба ретінде тарихта қалады, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Салтанат сахнасында сондай-ақ, Аманжол Әлтаев Сыр жеріндегі думанды іс-шараның мән-маңызы ерекше екенін айтып, қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.

– Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға алған кезде күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқандар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші – байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын,– деді А.Әлтаев.

Этноауыл форматындағы іс-шарада ақ күріштің атасы атанған Ы.Жақаевтың «Күріш туралы толғанысынан» үзінді көрсетілсе, ұлттық дәстүрді насихаттайтын ауыл жастарының алтыбақан астындағы көңілді кешінен көрініс ұйымдастырылды. Жамбы ату, қол күресі секілді ұлттық спорт ойындары ойналды. Теріден, ағаштан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін де көпшілік қызыға тамашалады. «Әжелер ансамблі» әуелеткен әсем әндер, жас жыршылар орындаған жыр-термелер іс-шара мазмұнын байыта түсті. Мерекелік шара  «Бауырсақ PARTY», «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST» фестивальдарымен жалғасты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, думанды шарада «Абай-Дәулет» ЖШС директоры  Мұрат Сәрсенбаевтың демеушілігімен түрлі күріш сорттарынан бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа қатысуға 300-ден астам адам ниет білдіріп, өтінім берген.  Соның ішінде 40-ы қатысты. Нәтижесінде бас жүлдені Алматы қаласынан келген аспаз Әмір Тәжібаев жеңіп алса, бірінші орынды қызылордалық Бауыржан Баймағанбет иеленген. Екінші орын екі қатысушыға берілсе, үшінші орынды да екі аспаз өзара бөлісті.  Жеңімпаздарға ашқалай сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушыларға да 10 мың теңгеден берілді. Белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова, Жігер Ауыпбаев  бастаған өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<