Запастағы офицерлер екі жылдық әскери қызметке шақырылады

355

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Үкіметі 2024 жылы 25 қаңтарда “Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы» қаулы қабылдады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

«2024 жылы заңнамада белгіленген тәртіппен запастағы офицерлер оның ішінде әскери қызметке жарамды және оны өткермегендер әскери қызметке 24 ай мерзімге шақырылсын, олар офицерлік құрамның лауазымдарында әскери қызмет атқару үшін шақырылсын», – делінген құжатта.  

2024 жылы әскери қызметке шақырылуға жататын запастағы офицерлер саны:

ҚР Қарулы Күштерде – 600 адам;

ҚР ҰҚК Шекара қызметінде – 80 адам; 

Ұлттық ұланда – 42 адам;

ТЖМ-де – 30 адам.  

Барлығы 752 адам қызметке шақырылады.

Қаулы 2024 жылғы 9 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, Қазақстан Голан төбелері мен бірқатар басқа аймақтарға 430-ға дейін бітімгершілік күштерін жіберетіні белгілі болған. Мұндай ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың қарауына жолдаған. Парламент депутаттары бітімгершілік күштерді жіберу туралы ұсынысты бір ауыздан қолдады.

Бітімгершілерді орналастыру 2024 жылғы наурыздан басталады деп жоспарланып отыр. Осы мақсатта БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін анықтайтын халықаралық келісім жасалады. Әскер мен техника Қазақстанның есебінен тасымалданады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<