Жалағаш: Аудан халқы түгелдей таза су тұтынады

227

0

Жалағаш ауданында жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан бюджеті 12,2 млрд теңге болып бекітілсе, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 108,8, өңдеу өнеркәсібі 114,9, инвестициялар тарту 117,5, бөлшек сауда  101,5, тұрғын үй көлемі 139,8 құрылыс жұмыстары 135,7 пайызға артқан. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтып берді.

Ауданда шағын және орта кәсіпкер саны 2972-ге жеткен. Қаржы институттары арқылы 325 жоба қаржыландырылып, 176 жаңа жұмыс орны ашылған. «Байқоңыр ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржылық қолдауға 48 жоба ие болды. Бұдан бөлек, былтыр 10 жоба мақұлданып, жыл басында қаржыландырылды.

Өңдеу саласын дамыту мақсатында кәсіпкер Серік Халық жеке қаражаты есебінен «AKNIET» құрылыс қоспаларын шығару цехын іске қосты. Цех құрылысқа қажетті 6 түрлі өнім шығаруда. Ал «Таң ЛТД» ЖШС  өндірістік база құрылысын жүргізуде. Мақсарыдан май, жүгеріден ұн, күріштен кеспе өнімін шығарады. Кәсіп толық іске қосылса, жаңадан 22 жұмыс орны құрылады. Былтыр кәсіпкерлердің бастамасымен 3 сауда орталығы ашылды.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Былтыр 36952 гектар жерге егін егілген. Негізгі дақыл күріш 19800 гектарға себіліп, әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алынған. Әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 500 гектар жер беріліп, бақша дақылдарынан мол өнім алды.

– Жол құрылысы және ішкі көшелерді жөндеуге  бюджеттен қаржы қаралды. Бұқарбай батыр, «Аққұм», Есет батыр ауылдарының 17 көшесі және М. Шәменов ауылының кіреберіс автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті. Биыл аудандағы жол сапасын жақсартуға қаржы қаралып, 24,6 шақырым автомобиль жолдары мен көшелері жөнделеді. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауызсуға қосылған, –деді аудан әкімі.

Тұрғындарды электр энергиясымен қамтуда бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Былтыр Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғыртылды. Жалағаш кенті, «Еңбек», М.Шәменов ауылдарының электр желілерін жөндеуге демеушілер есебінен жоба-сметалық құжат дайындалып, қаржыландырылуға ұсынылды. Тұрғындардың 46,6 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Өткен жылы «Ақсу», М.Шәменов елді мекендері газға қосылса, биыл Бұқарбай батыр, «Қаракеткен», Далдабай елді мекендеріне газ тартылады.

Денсаулық саласында да атқарылған жұмыс көп. Былтыр Мырзабай ахун, «Аламесек» ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл мұндай нысан «Қаракеткенде» ашылады. Облыс әкімінің қолдауымен денсаулық саласы 11 жедел жәрдем автокөлігімен толықты.

Өткен жылы ең ауқымды жобалардың бірі «Руханият орталығының» құрылысы басталып, биыл ел игілігіне берілді. Жалпы, ауданда ауқымды істер атқарылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылса, білім, мәдениет, спорт салаларында да тың жобалар жүзеге асырылуда.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<