Жалдағы пәтерақының жартысы төленбек

2237

2

жеңілдік кімдерге тиесілі?

«Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін пәтерді жалға алу шығынының 50 проценті мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады» – деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Президент бастамасы бойынша өтінімдерді қабылдау 5 сәуірден басталмақ. Кімдердің пәтер шығыны төленеді? Қандай құжаттар қажет? Оқырмандардан жиілеп кеткен сауалдарды «Отбасы банк» АҚ облыстық филиал директоры Әділжан Сәулебаевқа қойдық.

−  Пәтер жалдау төлемдерін субсидиялау қалай жүзеге асады?

−  Тұрғын үйді жалға алатын азаматтардың жекелеген санаттары бар және олардың негізгі қажеттілігі − лайықты жағдайда өмір сүру. Олардың табысы бастапқы жарна жинақтау үшін аз. Қазақстан бойынша баспананың орташа құны 10 млн теңге деп есептесек, 50 млрд теңге қаражатқа жалға беру мақсатымен жылына 5 мың пәтер салуға болады. Жаңа құрал ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасын қамтып, олардың жалдау ақысын 50% өтемақы арқылы жабуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Тұрғын өзі жалға алатын пәтер ақысының 50%-ін бюджет қаражаты есебінен төлеуге мүмкіндік алады. Егер мұқтаж отбасы пәтерді 120 мың теңгеге жалға алса, онда 60 мың теңгені өз қаражаты есебінен төлейді және 60 мың теңге бюджет қаражаты есебінен өтеледі. Ескеретін жайт, бұл төлемдер коммуналдық төлемдерді қамтымайды.

− Бұл арада қарапайым ғана сұрақ туады, жекенің үйін жалға алғаннан, сатып алу құқығымен немесе жалға берілетін тұрғын үй салған тиімді емес пе?

− Жылына 50 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға белгілі бір қатаң шарттар шеңберінде таңдалған 5000 отбасыны қамтуға болады немесе 70 мың отбасыны қамту. Таңдау әлбетте максималды қамту пайдасына жасалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Отбасы банк» АҚ-на әкімдіктер қалыптастыратын, бірыңғай республикалық электрондық базасындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімін Банктің сұратуы бойынша 3 (үш) жұмыс күні ішінде жібереді.

− Сонда кімдердің пәтер ақысының жартысы төленбек?

− Бірыңғай республикалық электрондық базадағы тұрғын үй кезегінде төмендегі төрт санат бойынша тұрған азаматтар қатыса алады. 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар. Сонымен қатар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар және отбасылар. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан баспана жалдау кезінде бұл төлемдер жүзеге асырылмайды, яғни сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.

− Қандай талаптар қойылады?

− Үміткерлердің әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тиісті мәртебесінің болуын «Отбасы банк» АҚ мемлекеттік деректер базасымен бірігу арқылы айқындайды. Өтініш берушіге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 36 018 теңгеге төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Мысалы жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық. Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Яғни бұл отбасы аталмыш төлемді талап ете алады деген сөз. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде соңғы 6 айда алынған табыс ескеріледі және табыстың үш тобы қамтылады. Бірінші – еңбекақы түрінде алынатын табыстар. Еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрлері, оның ішінде кесімді, мерзімдік, сондай-ақ сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстемақылар, сондай-ақ, ынталандырушы ақша түріндегі және өтемақы төлемдері. Олардың мөлшері БЖЗҚ-на аударымдар негізінде айқындалатын болады. Екінші – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті қоспағанда, зейнетақы төлемдері және әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын кірістер. Үшінші – кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер салық декларациялары негізінде айқындалатын болады.

 − Бағдарламаға қатысу қалай іске асады?

− Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, электрондық өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін аз уақыт аралығында тексеріп, төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте «Отбасы банк» АҚ-ның ұсынылған құжаттарды қарау және тексеру мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» АҚ платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісім-шарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде, жалға алушы «Отбасы банк» АҚ-на жүгініп, келісім-шарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады. Төлем өтініш берушінің отбасы мұқтаж топтардың төрт санатының ешқайсысына жатпаса немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 36018 теңгеден асып кетсе тағайындалмайды. Тексеруден сәтті өткен үміткерге «Отбасы банк» АҚ төлемдерді тағайындап, оны жалға берушінің келісім-шартта көрсетілген шотына аударады. Алайда бұл әрекет орындалуы үшін жалға алушы жалдау ақысының 50%-ін арнайы ағымдағы шотта болуын қамтамасыз етуі қажет. Төлемдер жалдау шартының әрекет ету мерзімі ішінде ай сайын, қолма-қол ақшасыз аударылады.

− Жақын адамының пәтерін жалға алса бола ма?

− Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайлардан, сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға: ата-аналары, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер, аталар, әжелер, немерелер жатады. Жалға берілетін тұрғын үйдің отбасының құрамына қарай төлем жасауға рұқсат етілген жалпы алаңдары бар. Мысалы саны 1-ден 3-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін 40 ш.м. артық емес, 4-тен 5-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін 60 ш.м., ал саны 6 және одан көп отбасы мүшелері 80 ш.м. аумақты жалға ала алады. Үлкен аумақты жалға алу кезінде, жалға берілетін тұрғын үйдің ауданына көрсетілген өлшемдердің 50%-і ғана төленеді. Төлемдер осы тармақта көрсетілген жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы мен отбасының сандық құрамының өлшемдерін ескере отырып жүргізіледі.

Сұхбаттасқан

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<