Жалпыға бірдей декларация: Адал салық төлеушіге үрейленуге негіз жоқ

760

0

Биылғы жылдан елімізде жалпыға бірдей декларациялау басталды. Оны енгізудегі басты мақсат – жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресті күшейту. Елбасы 2019 жылы көлеңкелі экономика үлесін кем дегенде 40%-ке дейін азайту туралы тапсырма бергені белгілі. Жалпыға бірдей декларациялау – міне, осы келеңсіз құбылысты ке­мітуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Сон­дықтан адал салық төлеу­шінің бұл процестен үрей­ленетін ешқандай себебі жоқ.

Декларациялау төрт ке­зеңді қамтиды. Ол қан­дай кезеңдер  және дек­ларациялауға қатысты басқа да сұрақтарға облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тү­сіндіру жұмыстары және call-центр басқармасының бас­шысы Гүлжамал Шортанбаева жауап берген болатын.

– Гүлжамал Сейіт­бай­қызы, дек­лара­циялаудың ке­зең­­дері туралы айтып өтсеңіз…

– Бірінші кезең, биыл жыл басынан, яғни 2021 жылғы 1 қаңтардан бастау алып отыр. Онда депутаттар, министрлер, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңес­тірілген тұлғалар және олар­дың жұбайлары декларация тапсыруды бастайды.

Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мем­лекеттік кәсіп­орын­дар­дың қызметкерлері (оның ішінде білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары тапсырады.

Декларациялаудың 2024 жылғы 1 қаңтарда басталатын үшінші кезеңіне заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары атсалысса, төр­тінші кезең – 2025 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары қамтылатын болады.

– Әр кезеңдерде декла­рацияның қандай формалары тапсырылатын болады?

– Төрт кезеңде барлық жеке тұлға ең алғаш «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны (250.00-нысанын) тапсырады. Одан кейінгі жылдары жеке тұлғалардың күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан шегінен тыс жерлерде алынған кірістері туралы ақпаратты көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын, оның ішінде Қазақстан шегінен тыс мүлікті сатып алуға немесе иеліктен шығаруға арналған «Кіріс­тері мен мүлкі туралы» декларациясы (270.00-ныса­ны) енгізіледі. Бірақ бұл декларацияны барлығы  емес, тек Салық кодексінде қарас­тырылған жеке тұл­ғалар тапсырады.

– Жаңа заң бойынша қандай мүлік пен зат, банк шотындағы қанша сома декларациялануы тиіс?

–  «Активтер мен міндет­темелер туралы» декларацияда (250.00-нысан) жеке тұлғалардың Қазақстанда және оның шегінен тыс жерлердегі  құқықтары, мә­мілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес сол мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлкі. Жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техника, тіркемелер.  «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолда­нылатын айлық есептік көр­сеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы елімізден тыс шетелдік банк шот­тарын­дағы ақша көрсетілуі тиіс.

– Декларацияны жыл сайын тапсыру қажет пе?

– Мемлекеттік қызмет­кер­лерге ғана жыл сайын тапсыру міндеттелген. Ал басқа санаттағы қазақс­тан­дықтарға жыл сайын тапсырудың қажеті жоқ. Олар активтерінде өзгеріс болса, жаңа жылжымайтын мүлік пайда болса, немесе  бұрынғы мүлкі жойылған жағдайда декларациясын жаңадан тапсырады.

– Баспана немесе авто­көлік сатып алғанда оған жұмсалған табыс көзін декларацияда көрсету қа­жет пе?

– Иә, міндетті түрде. Айта­лық, сіздің өз шаруа­шылы­ғыңыз бар делік. Бұған дейін еш жерде тіркелмеген бірнеше ірі қара малыңызды сатып, жаңа көлік алсаңыз, мемлекет тарапынан ірі көлемде сатылым жасауға қаржы қайдан тапты деген сұрақ ­туындауы мүм­кін. Сондықтан да құны бар дүниелеріңізді декла­ра­цияға енгізіп қой­ған­ның зияны жоқ. Мысалы, құны бір мың АЕК-тен аса­тын ювелирлік алтын әше­кейлеріңізді, антик­ва­риат­ты, қымбат тастар мен металдарды алдын ала бағалап, оларды декларация­да көр­сеткен жөн.

– Декларация тапсырмай, қолдағы дүниелеріңізді жасырған  жағдайда айып­пұл немесе басқа жаза қол­даныла ма?

– Әлбетте. Декларация­ны уақытылы тапсырмаса немесе мәлімет толық көрсетілмесе, Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы заңының 272-бабына сәйкес ескерту бері­леді. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қай­та­ланса, уақы­тылы тапсыр­маған­дарға 15 АЕК, мәліметті толық көрсетпегендерге 3 АЕК айыппұл салынады.

– Декларацияны тапсыру үшін салық органдарына бару міндетті ме?

– Декларацияны мем­лекеттік кіріс органдарына не Халыққа қызмет көрсету орталықтарына ба­рып тапсыруға болады. Сонымен қатар  салық төлеушінің электронды ка­бинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы жү­зеге асырылады.

Жалпыға бірдей декларациялау ел азамат­тары мен мемлекет аппа­ра­тының арасындағы диа­­лог­тың заманауи фор­ма­сын қамтамасыз ету үшін ен­гізілді. Осының негізінде халықтың кірістері ғана емес, әлеуметтік шығын­дарының салық шегерімдері туралы да ақпарат айқын­далады. Нәтижесінде ақпа­ратты толық сараптаудан өткізіп, халықтың жағдайын толыққанды көруге мүм­кіндік туады. Оны егжей-тегжей талдағаннан кейін, әлеуметтік осал топ­тары анықталады. Сонымен қатар жалпыға бір­дей декларациялауға көшу мемлекеттік бюджет­ке қо­­­сымша түсімдерді қам­та­­ма­сыз етіп, лауазымды адам­дардың заңсыз ба­юын бақылау және сыбайлас жем­қорлық деңгейін төмен­детуге мүмкіндік береді.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<