Цифрландыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс деген стратегиялық мақсат қойды.
Экономиканың дамуына серпін беретін цифрландыру барлық салада негізгі рөл атқарады. Осы ретте, азаматтар мен бизнес үшін қолжетімді әрі ашық жүйе қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру бағытындағы жұмыстар статистика саласында да кеңінен жүргізіліп келеді.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті де осы бағытта қоғаммен өзара іс-қимылды жеңілдетуге және статистикалық деректердің сапалы болуына байланысты жүйелі жұмыстарды дамытуда.
Осыған сәйкес бүгінде департаменттің «Бір терезе» қағидасымен жұмыс жасайтын жүйесі жаңғыртылды. Бұл жаңа технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, респонденттермен арада әділдік, ашықтық, сыпайылық және респонденттерге бағдар беру мақсатын қамтиды. Жаңғырту аясында «Бір терезе» кабинетінде электрондық табло, бейнебақылау орнатылып, электронды кезек енгізілді. Бұл өз кезегінде респонденттер ағынын реттеуге және жұмыстың ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
Электрондық табло тек кезекті реттеп қоймай, әр респондентке дұрыс бағыт-бағдар беретін тиімді құралға айналды. Атап айтқанда, ол келушілерге:
– статистикалық есептілікті тапсыруға;
– өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында жұмыс істеуге;
– статистикалық есептілік бойынша түсіндірме алуға бағыт береді.
Сонымен қатар, «Бір терезе» кабинеттерінде респонденттерге статистикалық есептілікті электрондық жүйе арқылы ғана емес, қажет болған жағдайда қағаз түрінде де өз бетінше тапсыруға мүмкіндік жасалған.
Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті елімізде алғашқылардың бірі болып статистика саласындағы жаңартылған цифрландыру жүйесін жүзеге асырды.
«Бір терезе» жүйесін жаңартудағы негізгі мақсат – қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін қалыптастыру, халықпен кері байланыс орнату, респонденттерге жүктемені азайтып әрі уақытты тиімді пайдалануларын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда респонденттер 91 статистикалық нысан бойынша есеп жүргізеді. Респонденттердің басым бөлігі бастапқы статистикалық деректерді жұмыс орындарында, үй жағдайларында онлайн форматта тапсырады. Соның нәтижесінде «Респондент кабинеті» арқылы электрондық түрде ұсынған респонденттердің үлесі 96,4 пайызға жетті.
Мемлекеттік статистика – қоғам дамуының айқын көрсеткіші және стратегиялық шешімдердің сенімді негізі. Нақты әрі сапалы деректер арқылы экономиканың, әлеуметтік саланың және өңірлердің даму бағыты айқындалады. Дерекке сүйенген басқару – елдің тұрақты өсімі мен болашағының кепілі.
Статистика – өңір экономикасын тиімді жоспарлаудың негізгі құралы. Ол нақты деректер арқылы салалардың даму деңгейін бағалап, басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді. Сенімді статистикалық мәліметтер негізінде қабылданған шешімдер өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етеді.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, цифрлық құралдарды дамыту мен респонденттер үшін қолайлы жағдай жасау ұдайы назарда болмақ. Пайдаланушылар және респонденттермен әрдайым кері байланысты қолдау мақсатында Ұлттық статистика бюросының фронт-офисі құрылды. Статистикалық нысандарға, соның ішінде электронды түрде тапсыруға қатысты туындаған сұрақтар бойынша «1446» бірыңғай байланыс орталығына жұмыс күндері 09:00-18:00 аралығында хабарласуға болады. Статистикалық есептілік нысандарын жетілдіру бойынша ұсыныстар үшін телеграмм бот https://t.me/statgovkz_bot жұмыс жасайды.
Қайрат ӘБСҰЛТАНОВ,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы





