Ауыл – алтын бесік. Ал ондағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық даму қиын. Мемлекет басшысы осындай талап үдесінен шығуды міндеттеп отыр.
Кейінгі жылдары өңірдегі ауылдарға түрлі мақсатта жасалған қолдау нәтиже көрсете бастады. Әсіресе инфрақұрылымның дамуы серпін әкелді. Әлеуметтік нысандардың игілікке берілуі де ауыл тынысын кеңейткені рас.
Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қазалы ауданына жұмыс сапарында жаңа ғимараттар пайдалануға берілді. Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен ел ағалары игі шаралардың қуанышын бөлісті. Алдымен Қожабақы ауылындағы жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, елді мекендерде кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Бір күнде 100 адамды қабылдауға болатын заманауи кешенде бокс, грек-рим күресі, волейбол, футбол және баскетбол сынды спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұл ауыл жастарының бұқаралық спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.
Алдағы уақытта да халқымыздың игілігіне, тұрғындарымыздың жайлы тұрмыс-тіршілігіне, жастарымыздың жарқын болашағына бағытталған жаңа жобаларымыз жалғаса береді, – деді облыс әкімі.
Шарада еңбек ардагері Тілек Махамаш сөз сөйледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 2022 жылдан бері өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 27-сі – спорт кешені. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы, «Теннис орталығы», Инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ашылды. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 80 спорт-ойын алаңы салынды. Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің, «Қайсар» футбол клубы академиясының құрылысы қарқын алды.
***
Облыс әкімі Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге жиналған жұртшылық ұсыныс-пікірлерін айтып, әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалар туралы сауалдарын қойды.
Мұнан кейін аймақ басшысы Әйтеке би кентінде бой көтерген жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
– Бүгінде өңірімізде Мемлекет басшысының қолдауымен ауылды дамыту, аймақтардың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Міне, өздеріңізбен бірге Әйтеке би кентіндегі кезекті денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне куә болып тұрмыз.
Мұнда қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, футбол, гандбол, баскетбол, дзюдо сынды спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Нысанда бір күнде 150 спортшы жаттыға алады.
Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осында жаттығушылар арасынан әлемдік ареналарда Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын көктежелбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Шарада ҚР спорт шебері, бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Зарина Толыбай, еңбек ардагері Әлімбай Қасқырбай сөз сөйлеп, ел ағасы Самұрат Имандосов бата берді.
Қазалы ауданында ашылған бұл спорт кешендері «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынған. Екі іс-шарада да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар, спорт кешенін салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жыл басында Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында да денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Жалпы ауданда спортпен шұғылданушылар саны 35 мыңнан асады. Спортшылар халықаралық турнирлерден 3 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль, Қазақстан чемпионаттарынан 14 алтын, 19 күміс, 27 қола жүлде иеленді.
«СБ» ақпарат





