Жалындап өткен жас ғұмыр

3376

0

15 сәуір – Шығыстың жарық жұлдызы, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірден өткен күні.

Соған орай Ғани Мұратбаев мемориалдық музей ұжымының ұйымдастыруымен Қазалы қалалық Мәдениет Үйінде «Мәңгілік жас Ғани» атты еске алу шарасы өтті.

Шараны Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ашып, Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмырында жасаған еңбегіне тоқталды.

– Ғани Мұратбаев есімі біздің аудан, жалпы қазақ тарихы үшін ерекше. Оның Орта Азия жастарының көсемі болғаны, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне дейін өскенін білеміз. Сол Кеңестік жүйе тұсында да қазалылық жетім балаларға қамқорлық танытып, Шығыс жастарының биікке көтерілуіне негіз болғанын үлкен азаматтық дер едім. Осындай жас болса да өнегелі өмір сүрген біртуар ұлын халқы ешқашан ұмытқан жоқ. Еліміздегі көптеген мектептер Ғани есімімен аталады. Облыс, аудан көлемінде Ғани атында бірнеше көше бар. Мектеп пен өзі туған ауылға да оның есімі берілді. Қазалының біртуар перзентінің құрметіне мерейтойы қарсаңында ауданда ұланасыр той өтіп, республиканың ең үздік деген жастарына Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы табысталып келеді. Тұлғаға мұндай құрмет алдағы уақытта да жасалына беретін болады, – деді Даурен Оңғарбайұлы. 

 «Жас Алаш» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы әрі алғашқы редакторы болған Ғанидың бейнесі сахналанып, композитор Шәміл Әбілтайдың «Ғани Мұратбаев» атты күйі орындалды.

Еске алу шарасы «Ғибратты Ғани ғұмыр» атты фильмімен қорытындыланып, қатысушылар «Ғани Мұратбаев – Алаш ардақтысы» атты көрмені тамашалады.

Ақерке Бердібай,

Ғани Мұратбаев музейінің ғылыми қызметкері,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<