Жан азығын іздесең, көрмеге кел

761

0

Облыс орталығындағы Өнер арбатында «Қала күні» мерекесі аясында «Кітап FEST» көрмесі өтті. Іс-шараға қала әкімі Асылбек Шәменов қатысты. Көрменің мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, қаламгерлер мен оқырманға бірыңғай алаң ұсыну. Жастар мен балалардың кітапқа құмарлығын арттыру.

«Кітап FEST»  Сыр елінде кейінгі 8 жылдан бері өтіп келеді. Осы уақыт аралығында фестиваль шағын кітап алмасу дәстүрінен мәдени-танымдық іс-шараға айналып, халықтың ықыласына бөленді. Белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, белсенді жастар бас қосатын алаңда түрлі іс-шаралар өтіп, оқырманға әртүрлі кітаптар сыйға берілді.

Сондай-ақ, Алматы қаласынан «Отбасы хрестоматиясы», Түркістан қаласынан келген «Мазмұндама» қоғамдық қорларының өкілдері мен шаһардағы «Kitapal» дүкені өз өнімдерін сатылымға шығарды. Ал облыстық, қалалық кітапхана ұжымдары мен университет, колледж кітапханалары түрлі жанрдағы кітап көрмесін ұйымдастырды. Мерекеде қала тарихынан сыр шертетін қойылым, жас жеткіншектерге арналған ойын-сауық бағдарламалары және флешмоб ұйымдастырылды.

Кітап – рухани жан азығымыз. Адам іздеген білім мен игілікті бастамаларды, аңсаған арманын, бәрін-бәрін кітаптан табады. Көрмеде ұсынылған көркем әдебиет, балалар әдебиеті мен тарихи және заманауи кітаптар – адамды ізгілікке жетелейтін дүниелер.

– «Қала күніне» орай ұйымдастырылған игі іс-шаралар легі «Кітап FEST-2022» көрмесімен жалғасып отыр. Бүгінгі іс-шара өз мән-мағынасымен ерекшеленуде. Кітап – рухани қазына, сарқылмас байлық. Мемлекет басшысы электронды форматтың қарқынды дамуына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайтынын, кітапхана сөресіндегі кітаптарды жаңалау және толықтыруға басымдық беру керектігін айтты. Бүгінгі фестиваль оқырмандар мен ақын-жазушылардың басын қосып, бәріне ерекше әсер сыйлады. Білімге жетелейтін рухани азығымыз ешқашан сарқылмасын. Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын! – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, фестивальде буккросинг кітап сөресінің тұсауы кесілді. Оның негізгі мәні – оқылған кітаптарға екінші өмір сыйлау. «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына сүйеніп, жастарды кітап оқуға шақыру. Бұл термин 2001 жылы қолданысқа еніп, еліміздің басқа да қалаларында ұйымдастырылып келеді. Осы мерекеде ашылған кітап сөресінен оқырмандар  қажетті кітаптарын тапты.

Мәдениет кітапхана табалдырығынан басталады десек, оның беделін көтеріп, мерейін өсіретін кітапқұмар оқырмандар.

Іс-шарада облыстық және қалалық кітапханалардың белсенді оқырмандары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында  өнерпаздар ән айтып, жиналған  қауымға керемет көңіл күй сыйлады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<